«Пятая стихия» деп аталатын шығармашылық кешке дайындық қызу жүріп жатыр. Отандық классикалық және эстрадалық музыканың шыңын бағындырған Жәмилә Серкебаева бұрын соңды болмаған шоу ұйымдастырды.
Жәмилә Серкебаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
–Біз сусыз, ауасыз, жерсіз, отсыз өмір сүре алмаймыз. Сондай-ақ, адамға өте қажет нәрсе – ұлы өнер деп есептеймін. Бұл концертте өзімнің ең жақсы көретін туыстарыма, достарыма, әрине, өнерімді бағалайтын мәртебелі тыңдармандарыма деген сүйіспеншлігімді жеткізбекпін.
Кешке Алматы қалалық әкімдігінің оркестрі мен «Отырар сазы» ұлттық фольклорлық оркестрі қатысады. Сонымен қатар, «Виват» Шоу балет те өнер көрсетпек. Ал, оркестрдің дирижері – Жәмиләнің әкесі, өнердегі сыншыл ұстазы Мұрат Серкебаев.
Мұрат Серкебаев, әкесі, композитор:
–Жәмилә оркестр ұжымымен бірге осы концертті ұйымдастыруда үлкен істерді атқарды. Оның аянбай еткен еңбегінің нәтижесін осы кеште көресіздер. Қызыма әкесі ретінде және өнердегі әріптесі ретінде қолдан келгенінше қолдау көрсетіп келем. Жәмиләға тек сәттілік тілеймін.
Көпшілікті талантымен тәнті еткен Жәмилә Серкебаева мен «А-Студио» тобының продюсері, композитор Байғали Серкебаев скрипка мен фортепианоның үнін үйлестіріп, тыңдарманын таң қалдырмақ. Қыстың ызғарын ұмыттырып, көктемдей көтеріңкі көңіл-күй сыйлатын кешті көруге асығыңыз.