Журналистер зардап шеккен баланың суретін жарияламауы керек

Еліміздің Ақпарат және коммуникация министрлігі БАҚ қызметі мәселелері бойынша заң жобасы тұжырымдамасын ведомствоаралық комиссияның қарауына берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұжырымдама нормаларының бірі балалардың суреттері мен жеке мәліметтерін қорғауға арналған.

«Балалар өте қиын жағдайға душар болып жатады. Біз соларға қатысты әдеп сақталуы қажет деп санаймыз. Өйткені олар енді есейіп келе жатыр», - деді Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев.

Сонымен қатар ол бұл тек заң жобасының тұжырымдамасы екенін және оған БАҚ өкілдері өз ұсыныстарын айта алатынын, құжат нормативтік-құқықтық актілер порталында кез келген азамат үшін талқылау ашық екенін  атап өтті.

Осы орайда журналистер жарияланатын ақпараттың нақтылығын тексеруге қатысты норманың қалай жұмыс істейтініне қызығушылық танытып, ресми қызметтерден ақпарат алу ұзақ уақытқа созылатынын, ал бұл жедел жаңалықты жедел беруге кедергі жасайтынын айтты. Сонымен қатар олар БАҚ-та аты-жөнін құпия ұстауға кепілдік беретін инсайдерлік ақпарат көздерімен жұмыс қалай реттелетінін де сұрады.


«Қазіргі уақытта жалған ақпарат көп. Сондықтан журналистер бастапқы дерек көзін іздеуі қажет деп санаймыз. Баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтері ең басты дерек көздері болуы тиіс», - деді Әжібаев.