Журналистік ұйымдар "БАҚ туралы" заңның өздері жасаған жобасын таныстырды

"Әділ сөз" қорының төрайымы Тамара Калеева осы орайда ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі де 2004-жылдың қазан айында БАҚ туралы заңның жаңа жобасын жасауға кірісті деп жариялағанын еске салды. "Жұмыс ұжымдық сипатта жүзеге асырылып жатқандай кейіп танытқан министрлік, шын мәнінде, жұмыс тобы мен жұртшылықтан жасырын түрде қазіргі қолданыстағы БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын жасап, мекемелерге келісуге беріп те қойған",- деді Т.Калеева.

Ақпарат министрлігінің мұндай томаға-тұйықтығы журналистік ұйымдарды заң жобасының өзіндік нұсқасын жасап ұсынуға итермелеген. Бұл жоба, С.Матаевтың айтуынша, ҚР Ата заңының барлық талаптарына сай. Заң жобасы сөз бостандығы мен шығармашылық бостандық, жеке адамның құқығын қорғау, журналистің қоғам және мемлекет алдындағы жауапкершілігі принциптеріне негізделе жасалды, деді ол.
Атап айтсақ, заң жобасында БАҚ-тарды есепке алу туралы хабарландыру тәртібін, кәсіби іс-қызметін жүзеге асыруға байланысты журналистің денсаулығы, өмірі мен мүлкін қорғауға мемлекет тарапынан кепілдік беру, журналисті жариялаған мақалалары үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартуды алып тастау нормаларын қарастырады. Сондай-ақ, бедел мен ар-ұжданды қорғау жөніндегі даулар бойынша шағым түсіру мерзімінің ұзақтығын 1 ай көлемінде белгілеу, моральдық шығынды өтеп беру жөнінде талап етілген қаржыдан 5 проценттік мемлекеттік баж салығын алу, сот процестері кезінде бір-бірінен зардап шеккен тұлғалар мен журналистер құқығын өзара теңестіру ұсынылып отыр.
С.Матаевтың хабарлауынша, жасалған жаңа заң жобасы парламент депутаттарының талқысына ұсынылады.