Жуырда мемлекеттік қызметте «командасымен көшуге» шектеу қойылады - Бәйменов

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.

«Заңсыз кадрлық шешім қабылдағаны үшін жауапкершілікті күшейттік. Елбасы мемлекеттік орган басшыларының әлі күнге дейін басқа жұмысқа ауысқан кезде өз командасын ала баратынын бірнеше рет сынға алған болатын», - деді ол бейсенбі күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
«Сондықтан заң жобасында мемлекеттік орган басшысы ауысқан кезде кадрларды заңсыз ауыстырған лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру көзделген», - деді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, тек елбасы белгілеген жағдайларда ғана мемлекеттік органның бірінен екіншісіне ауысуға болады. «Белгілі бір маманның лауазымын бір ғана мемлекеттік орган ішінде немесе конкурс бойынша өсіруге болады», - дейді Ә.Бәйменов.