Ведомство мәлеметінше, ең көп аборт жасатқан қарағандылық және ақтөбелік бойжеткендер екен. Ал дәрігерлер ерте жаста жүктілігін тоқтатқан қыздардың бедеу болып, болашақта ана бақытын сезіне алмайтындығын айтып дабыл қағуда.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. "Қызым үйде, қылығы түзде". Сыртта жүргенде шалыс басып, жаңылысқан бойжеткендер Қазақстанның жағымсыз статистикасына қосып жатқан үлесі аз емес. Мәселен, кәмелет жасына толмаған қыздардың түсік жасауы бойынша еліміз әлем елдері ішінде алғашқы ондығына еніпті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл басынан бері 14 жасқа толмаған 10 қыз түсік жасатқан. Ең көп дерек Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тіркелген. Ал кәмелетке толмағандар арасында 196 бойжеткен жүктілігін жасанды түрде тоқтатқан екен. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Яғни, жағымсыз көрсеткіш бұдан да көп болуы бек мүмкін. Мамандардың сөзінше, шалыс басатындардың дені қалаға арман қуып келген ауылдың қыздары көрінеді. Жеке өмірге келгенде білімі аз, сауаты төмен олар сүйіктілерінің махаббатына мастанып, қалай алданып қалғандарын білмей қалады екен. "Мына мектепте оқитын қыздардың "папигі" бар көрінеді. "Папик деген не?" деп сұраса, үлкен-үлкен кісілер қыз балалардың басын айналдырып, қымбат-қымбат заттарын алып беріп, қыдыруға шақырады екен. Жаңағыдай 14-15 жасқа келіп түсік жасатып жатқан қыздардың көбейіп, олардың тағдырына осылай әсер етіп жатқан мұндай азаматтар деп ойлаймын", - дейді қоғам белсендісі Айша Құрманғали. Әлі бесіктен белі шықпаған оқушы қыздың жүктілігі - барып тұрған қылмыс. Сондықтан оны мұндай хәлге жеткізген адам заң алдында жауап беруі тиіс, дейді құзырлы орган өкілдері. "14 жастағы бойжеткендер бізде жауапкершілікке тартылмайды. Неге? Өйткені, олардың әрекеттеріне жауап беретін ата-анасы, сосын заңды өкілі. Опекун солар, жауапкершілікке тартылады", - заңгер Саида Сүлейменова. Тек былтырдың өзінде 6000 оқушы қыздың аяғы ауыр болып, 3500-ге жуығы түсік жасатыпты. Тіпті, аборт былай тұрсын, "он екіде бір гүлі ашылмағандар" арасында түрлі венерологиялық ауруларды жұқтырғандары да баршылық екен. Ал дәрігерлер болса, ерте жаста жүктілігін тоқтатқандар, болашақта ана бақытын сезінуі екіталайекенін айтады. "Егер осы кезде жүктілік болған жағдайда, оны түсік тастаған жағдайда әрине көптеген асқынулар, жыныс ағзаларының қабынуы, қан кетуі, минустрияалдық циклдің бұзылуы, созылмалы қабыну аурулары, аналық жатыр мен безінің фунциясының бұзылуы, әрі қарай бедеулікке әкеліп соқтыруы мүмкін", - дейді гинеколог Жанерке Ажетова. Бір қызығы, халқы бізден бес-алты есе көп елдерде "түсік" деген ұғым мүлдем жоқ екен. Болған күннің өзінде некен-саяқ кездеседі дейді мамандар. Ал, халық қалаулылары болса, "бармақ тістеп" қалмас үшін тәрбиені күшейтк керектігін айтады. "Жастардың жауапкершілігін арттыру керек. Мектепте сонау ерте жастан, тәрбиеге мән бөлу керек. Неге ол екіқабатты болады? Осы ғой мәселе. Қорғана білу керек, сақтала білу керек, Түсіну керек, тәрбие жұмыстары ғой бұл жерде", - дейді ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова. Мамандардың айтуынша, шетелде түсікті алдын-алу жұмыстары қарқынды жүреді. Яғни, оқушыларына мектеп қабырғасынан бастап, үйлі болудың мән-жайы түсіндіріледі. Ал бізде бұл қанша көтерілгенімен, ұят дегенге салынып, тек кейінге шегерілуде. Қоғам белсенділері ұлттың өшуін емес, керісінше өсуін қаласақ, тез арада жасанды түсік болдырмаудың жолдарын қарастыру қажеттілігін айтады.