Жыл басынан бері 8 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

2025 жылда 8 051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралды.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың:

44,2% Өзбекстаннан,

43,2% Қытайдан,

5% Түрікменстаннан,

2,7% Моңғолиядан,

2,4% Ресейден,

2,5% басқа елдерден келген.

"Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8%-ды және зейнеткерлер 9,1%-ды құрайды", - деп жазылған хабарламада.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта білімді, 53,5%-ы жалпы орта білімді және 2,7% білім жоқ.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды:

Ақмола,

Абай,

Қостанай,

Павлодар,

Атырау,

Батыс Қазақстан,

Шығыс Қазақстан,

Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 286 қандас қоныс аударды.

"Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде", - дейді мамандар.

Жыл басынан бері 563 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 221 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.