Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ал, 2025 жылы сырттай куәландыру арқылы 113,1 мың өтінім қаралған. Бұл мүгедектігі бар адамдарды куәландырудың жалпы санының 42,5 пайызын құрайды.
Сырттай проактивті куәландыру бірқатар нозологиялық нысандар бойынша қолданылады. Олардың қатарында онкологиялық аурулар, барлық локализациядағы туберкулез, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық даму кемістіктері, психикалық аурулар, балалардағы бірінші типті қант диабеті, мукополисахаридоз, сондай-ақ ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар бар.
2025 жылы нозологиялық нысандар тізбесі едәуір кеңейтіліп, оған шынайы гидроцефалия, бір немесе бірнеше аяқ-қолдың тұрақты айқын салдануы немесе терең парездері енгізілді. Қазіргі таңда сырттай куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі.
Бұл формат Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында берген тапсырмасын іске асыру аясында енгізілді. Президент ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасап, инстанциялар мен қағазбастылықты азайтуды тапсырған болатын.
Сырттай формат бойынша азамат тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға барып, қажетті тексеруден өтеді. Ал құжаттарды жолдау, сараптамалық шешім қабылдау секілді барлық кейінгі кезеңдер азаматтың жеке қатысуынсыз, ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы жүзеге асырылады. №031/у нысанындағы медициналық құжаттар МӘС бөлімшелеріне электронды форматта жіберіледі.
Мамандардың айтуынша, сырттай куәландыруға көшу әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жойып, шешімдердің ашықтығын арттырады. Сонымен қатар азаматтарға қызметтерді үйден шықпай алуына мүмкіндік беріп, қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты шектеу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.