Атап айтқанда, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында 2023 жылдан бастап 2,2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 36,3 мың тонна жүк тасымалданған, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы ретте Панфилов ауданының шекаралық маңда орналасуы ауданның инвестициялық тартымдылығына және дамуына оң ықпал етеді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарымен кездесуі барысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Аудан – Қытаймен шекаралас жатқан аймақ болғандықтан, инвестициялық жағынан тартымды өңір. Жыл басынан аудан экономикасына 14,9% өсіммен 28,8 млрд. теңге инвестиция тартылса, соның
59,1%-ы немесе 17 млрд. теңгесі бюджеттен тыс инвестицияға тиесілі. Бүгінгі күні биылғы жылға жоспарланған 12 жобаның 9-ы жүзеге асырылды, - деп атап өтті Б. Исабаев.
Өңір басшысының айтуынша, облыстағы сауда-саттық пен туризмді дамыту көздерінің бірі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы болып отыр. Онда 2023 жылдан бері 2,2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетіліп, 36,3 мың тонна жүк тасымалданған. 2028 жылға дейін «Қорғас» ШЫХО аумағында 245 млрд. теңгеге 33 жобаны іске асырып, оларда 5 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
«Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамыту шаралары да қолға алынуда. Онда 51 млрд. теңгеге екі мыңға жуық жұмыс орнын құратын 21 жоба іске асырылды. 2027 жылдың соңына дейін 44 жобаны іске асырудың арқасында тағы 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Осыған орай Бейбіт Исабаев жаңа жобаларға қажетті мамандар даярлау жұмыстарын қазірден қолға алып, оған жергілікті жастарды көптеп тартуды тапсырды.