1. Димаш феномені 2017 жылдың басты тұлғасы - Димаш екендігі даусыз. Жыл басында қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың «Singer 2017» ән байқауына қатысып, көрермендердің көзайымына айналды. Отандасымыздың талантты өнері көптеген қытайлық және басқа елдердің жанкүйерлерін тәнті етті. Нәтижесінде, халықаралық байқауда отандасымыз жүлделі екінші орынды иеленді. Сонымен қатар Димаш Қытай мен Америкадағы көптеген музыкалық марапаттауларды еншіледі. Әлемдік үздік музыка мамандарымен жұмыс істей бастады. 16 желтоқсанда әнші өзінің алғашқы әлемдік турнесіне аттанды. Димаштың көптеген шетелдік тыңдармандары Қазақстанға келіп, қазақ мәдениетімен терең танысты. Димаштың тілін түсіну үшін Қытай қыздары қазақ тілі курстарына жазыла бастады.
2. ЭКСПО-2017 аясындағы мәдени шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі «ЭКСПО -2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени-ойын-сауық және спорт шараларының кешенді бағдарламасын әзірледі әрі ол сәтті іске асырылды деуге болады. Министрлік «Астана ЭКСПО -2017»-мен және елорда әкімдігімен бірлесіп, түрлі жанрдағы 8 мыңнан астам (8 460) мәдени және спорт шараларын ұйымдастырған. Сонымен қатар көрме аясында еліміздің аймақтарында да 31 мыңнан астам шара өткізілді, елордамызда барлық облыстардың және Алматы мен Астана қалаларының Мәдениет күндері ұйымдастырылды. «ЭКСПО -2017» көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында қазақ халқының тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін ашып көрсететін шараларға ерекше көңіл бөлінді. Одан бөлек, әлемге әйгілі «Дю Солей циркі», Эрос Рамазотти, Джаред Лето, ресейлік «А-Студио» тобы және өзге де жұлдыздар Астанада өнер көрсетті.
3. Этноауыл кешені ЭКСПО аясында жүзеге асырылған сәтті жобалардың бірі - қазақтың ұлттық дәстүрін кеңінен насихаттайтын «Этноауыл» этномәдени кешені болды. Алғашқы күннен-ақ бұл кешен шетелдік қонақтар үшін басты туристік нысанға, қазақстандықтардың өздері үшін де сүйікті орынға және көрменің визиттік картасына айналып үлгерді. Этноауыл бірнеше тақырыптық аумақтардан құралған. Мәселен, «Қолөнершілер» секторында қолданбалы қазақ өнерінің экспозициясы көрсетілген: мұнда кескіндеме, зергерлік бұйымдарды әзірлеу, ағаш ою, қыш ыдыстарды жасау, кестелеу өнері және тағы басқа да қазақ халқына тән қолданбалы өнерлер көпшілік назарына ұсынылды. «Ұлттық дәм орталығы» секторында этноауыл қонақтары қазақ халқының ұлттық асханасының алуан түрімен танысты. Ұлттық болмысымыздың тағы бір басты белгісі аңшылық кәсіп «Дәстүрлі аң аулау өнері» секторында көрініс тапты. Мұндағы бүркітпен дәстүрлі аң аулау өнері, саятшылық және дала аңдарын тазымен аулау секілді қазақ халқының ең сүйікті кәсібі таныстырылды. «Ұлттық ойын және ойын-сауық» секторы да қонақтар мен шетелдік туристерді аса қызықтырды. Онда «Көкпар», «Сайыс», «Қыз қуу», «Күміс алу», «Алтыбақан» секілді қазақтың ұлттық ойындары мен әскери-спорттық ойындар көрсетіліп, әсіресе бұлар шетелдіктер тарапынан жақсы бағасын алды.
4. Қазақ киносының жетістіктері Желтоқсан айында ҚР Мәжілісінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Кинематография туралы» заң жобасын таныстырды. А. Мұхамедиұлы заң жобасымен арнайы экономикалық аймақ белгілегеннен кейін, «Қазақфильм» аумағы сақталып, болашаққа қызмет ететінін жеткізді. «Қазақфильм» аумағында бүкіл киноға байланысты декорацияларды қамтуды көздеп отырмыз. Біріншіден, «Қазақфильм» аумағы АЭА болғасын, аталған нысандарды тұрғызу арзанырақ түседі. Екіншіден, ол жерге музей салып, тиісті жағдай жасауымыз керек. Біздің мақсатымыз - «Қазақфильм» аумағын Лос-Анджелестегі «Universal Studios» сияқты деңгейге жеткізу», - деді министр. Бұдан өзге, шілде айында Астанада қазақстандық және голливудтық жұлдыздар, «Оскар», «Алтын глобус», «Сезар» сыйлықтарының лауреаттары Николас Кейдж, Эдриан Броуди және Джон Малковичтің қатысуымен «Еуразия» ХІІІ халықаралық кинофестивалі өтті. Фестивальде топ жарған Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі кейінірек Иран, Германия, Италия елдерінде үздік деп танылды. Сондай-ақ, 21-24 қараша аралығында Лос-Анджелестегі (АҚШ) Сабан театрында Қазақстан киносының күндері өтті. Америкалық аудиторияға «Қыз Жібек», «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол» және «Оскар» сыйлығына ұсынылған, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағы туралы баяндалған «Балалық шағымның аспаны» фильмі ұсынылды.
5. Ұлттық музей көрмелері Биыл ҚР Ұлттық музейі көлемді экспозициялар мен мазмұны жағынан бірегей көрмелер өткізді. Атап айтқанда, Египет тарапы есебінен Ежелгі Египеттің археологиялық мұралары қойылған халықаралық көрме ұйымдастырылды. Ислам өнері музейінің (Египет, Каир қаласы) жинақтарынан «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» халықаралық көрмесі өткізілді. Алғаш рет елімізде «Император Цинь Шихуандидің Терракота әскері» музейінің халықаралық көрмесі өтті. Сондай-ақ, Ұлттық музейде Мемлекеттік Эрмитаж қорларынан Қару-жарақ өнерінің халықаралық көрмесі ашылды. ЭКСПО -2017 кезінде Ұлттық музейді 300 мыңнан астам адам аралаған.
6. Рухани жаңғыру жобалары Биылғы жылдың сәуір айында жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жылдың басты жаңалығына айналды. Мақалада Елбасы бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы сынды тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын бөліп көрсетті. Елбасы мақаласына сәйкес биыл Қазақстанда елдегі жалпыұлттық қасиетті орындардың тізімі құрылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу институты құрылды. Құрамында танымал ғалымдар, өлкетанушылар және қоғам қайраткерлері енген сарапшылар кеңесі Қазақстанның жалпыұлттық 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімін әзірледі. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша құрылған жұмыс тобы құрылып, әлемнің маңдайалды туындылары қатарына қосылуы тиіс туындыларды іріктеу жұмысын бастап кетті. Жиында заманауи мәдениеттің үздік үлгілерінің тізбесін жасау үшін жұмыс тобына қажет іріктеудің нақты критерийлері айтылды. Нақтырақ айтқанда, біріншіден, туынды Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде дүниеге келген болуы шарт, екінші, қоғамда халық мойындаған, танылған авторлар болуы керек. Үшінші, жарық көрген туынды (кітап, фильмография, театр қойылымы, көрмелерге қатысу т.б.) қоғамда танымал болуы тиіс. Төртінші, туынды жаңашылдығымен, бірегейлігімен, зияткерлігімен, образдылығымен, ұлттық болмысымен ерекшеленуі тиіс. Бесінші, туынды жоғары кәсіби деңгейге, мәдени, әдеби талғамға, сахналық мәдениетке сай болуы қажет. Алтыншы, туынды зорлық-зомбылықты, діни араздықты, нашақорлықты насихаттамауы тиіс. Жетінші, іріктеу кезінде Қазақстан аумағында тұратын барлық мәдениет өкілдері, ұлттық палитра ескерілуі қажет.
7. Данэлияның «Дауысы» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тәнті болған жас қазақстандық әнші Данэлия Төлешова үшін де биылғы жыл сәтті болды. Қараша айында украиналық «Голос Діти» шоуының төрешілері 10 жастағы алматылық Данэлия Тулешованы бағдарлама тарихындағы ең ғажайып дауыс иесі деп атады. Жас әнші Украинадағы «Голос» шоуында америкалық әнші Дэми Ловатоның «Stone Cold» композициясын орындап, төрешілерді таң-тамаша қалдырған болатын. Финалда Данэлия өзінің әнінің, дауысының шынайы да тереңдігімен көрермендерді тәнті етті. Ал «Не твоя война» композициясы залдағы көрермендердің көпшілігінің көзіне жас үйірді. Данэлия шетелдік өнер сахнасына бірінші рет шығып отырған жоқ. 2015 жылы «Аялаған Астана» халықаралық байқауында - жеңімпаз, «Жаңа толқын» байқауында көрермен көзайымы жүлдесін алған болатын.
8. Астана балет ұжымы ЭКСПО қарсаңында ашылған «Астана Балет» театрының хореографиялық ұжымы Бразилия хореографы Рикардо Амарантенің классикалық музыкамен әрленген «Diversity» балетінің премьералық көрсетілімін ұсынды. Сондай-ақ, «Астана Балет» театрының, «Астана Опера» МОБТ, «Қазақстан» ОКЗ алаңдарында кореялық труппа Universal Ballet, АҚШ-тан келген Bad Boys of Dance, «Астана Балет» театрының, «Астана Опера» МОБТ балет труппасының, сондай-ақ, әлемдік балеттің танымал солистерінің қатысуымен Eurasian Dance Festival балет өнерінің халықаралық фестивалі өтті. Қазақ ұлттық хореография академиясының кешені құрамына кіретін жаңа театр әлемдік үздік үлгілерге сай келеді және балет, опера, драма сияқты кез келген шығармашылық ұжымды қабылдай алады. Сахнаның техникалық өлшемдері түрлі жанрдағы және стилистикалық бағыттағы спектакльдер қоюға, концерттер, мюзиклдер және сан алуан арнаулы эффект қолданылатын шоулар өткізуге мүмкіндік береді.
9. Жаңа пьесалар, халықаралық қойылымдар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырып отырған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Париждегі әйгілі «Le Trianon» театрында «Astana Musical» театрының этно-фольклорлық мюзиклі «Қыз Жібек» қойылымы көрсетілді. Еуропадағы бұл шетелдік тур - «Astana Musical» жас театрының тарихындағы жаңа белес. Қазақстан құрамасының экскурсиялары Еуропаның Берлин (Германия), Париж (Франция), Вена (Австрия), Брюссель (Бельгия), Мәскеу (Ресей) қалаларында өтті. Одан бөлек, Еуропадағы «Ұлы Дала театры» гастрольдік турында республикалық академиялық Неміс театры Париждегі Варьете театрында «Қарагөзді» неміс тілінде сахналады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында труппа Германия, Франция, Австрия, Бельгия және Ресей сахналарында ел мәдениетін танытты. Тағы бір үлкен жетістік - қазақстандық жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» пьесасы Лондон театрында саxналанды. Осылайша, Балуан Шолақтай сегіз қырлы, бір сырлы ел ардақтысы пьеса желісінің басты тұлғасына айналған қойылым еуропалықтар назарына ұсынылып, жазушының 75 жылдық мерейтойы аталып өтті. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры Жапонияға гастрольдік сапармен барды. Отандық өнерпаздар соғыс кезінде Қазақстанда тұтқында болған жапондық Ахико Тецуроның өмірі туралы спектакльді қойды.
10. «Спарта» КВН командасының жеңісі 15 желтоқсанда Мәскеуде КВН-2017 ойындары Жоғары лигасы өтіп, онда «Спарта Номад» (Астана) командасы 17,2 ұпаймен бірінші орын иеленді. Айта кетейік, қазақстандық КВН командасы Жоғары лигада алғаш рет топ жарып отыр. Бұған дейін қазақ командаларының бірде-біреуі Халықаралық КВН ойындары Жоғары лигасының жеңімпазы атанбаған еді. Танымал КВН ойыншысы Нұрлан Қоянбаев «Спартаның» бұл жеңісіне «құрметке лайық» деп баға берді. Астаналық команда 2016 жылы екінші орынға қанағаттанған еді, жалпы «КВН» Жоғары лигасының соңғы үш финалына қатысқан. Биыл Мәскеу төрінде жұлдызы жанған «Спарта Номад» алдына жан салмады. Команда биылғы маусымдағы барлық ойында, соның ішінде «Алтын Кивинде» де жеңіске жетті.