Жыл сайын өңдеуші салаға 4 млрд. доллардан астам инвестиция тарту көзделіп отыр

«Қазіргі кезде ең бастысы, өңдеу саласына инвестициялар тарту. Ал шикізат салаларымен салыстырғанда, бұл бағытқа инвестиция тарту айтарлықтай қиынырақ.  2014 жылы 3,7 млрд. доллар шетелдік инсвестиция өңдеуші өнеркәсіптерге бағытталды. Оның деңгейі 2013 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық. Сондықтан да былтырғы көрсеткіш біз үшін маңызды болды. Жыл сайын осыншама немесе бұдан артық инвестиция тартуды көздеп отырмыз»,- деді Сағадиев.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, он жыл бұрын көбінесе тек шикізат шығаратын салаларға инвестиция тартылса, қазір инвестицияның көбі өңдеу салаларына тартылатыны байқалуда. Өткен жиырма жылдың ішінде өңдеуші секторға келген қаражаттың 73 пайызы өткен бесжылдыққа тиесілі.

Өткен жиырма жыл ішінде Қазақстан экономикасына 208 млрд. АҚШ долларына жуық шетелдік инвестиция тартылғанына тоқталған ол, оның 125 млрд. доллары, яғни жартысынан көбі өткен бес жылға тиесілі екенін атап өтті.