Жыл сайын Қазақстанда 3 мыңға жуық кәмелетке толмаған жас некеге тұрады. Бұл мәселе көп жағдайда жабулы күйінде қалады, деп мәлімдеді Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрағасы Антон Артемьев.
«Халықаралық зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, әлемде 67 миллионнан астам қыз бала кәмелетке толмай күйеуге беріледі. Біздің болжамымызша, бұл көрсеткіш алдағы уақытта 100 миллионға да жетуі мүмкін.
Бұл проблема біздің еліміз үшін де жат емес. Ресми деректер бойынша, Қазақстанда жыл сайын 3 мыңға жуық кәмелетке толмаған жастың некесі қиылады екен», - деді А.Артемьев бейсенбі күні «Мыңжылдықты дамыту мақсатында Орталық Азия елдері мен Кавказда жасөспірім қыздарға қарсы зорлық-зомбылықтың, ерте тұрмыс құруға мәжбүрлеудің алдын алу» атты конференцияда.
Ол «көп жағдайда аталған фактілер бойынша іс қозғалмайтынына» өкініш білдірді.
А.Артемьевтің ойынша, «ерте және мәжбүрлеп күйеуге беру проблемасы кейбір ортадағы әлеуметтік-мәдени қағидалар мен кертартпа дәстүрлерге, білім беру деңгейіне байланысты» туындайды.
«Біздің ойымызша тұрақты мониторинг, ұлттық заңдарды қолдану тетіктерін жетілдіру және қоғамдық бақылау жүйесін дамыту арқылы жасөспірім қыздарды зорлау, оларды ерте күйеуге беру фактілерінің алдын алуға көмектеседі», - деп қорытты ол.