Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі Кәсіптік-техникалық және орташадан кейінгі білімді жетілдіру департаментінің директоры Сабыржан Мәдеев хабарлады.
«Біздегі білім беру жүйесі жыл сайын 30 мыңға жуық адамды рынокқа «лақтырып» тастайды, олар не істерін білмей сенделеді», - деді ол жұмадағы брифингте.
Мәселен, бір ғана биылғы жылы 134 мың 648 түлектің 65-ақ пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Оның ішінде 20 мыңнан астам бала жоғарғы білім алуға қажетті межені еңсере алмаған. Осылайша, ҰБТ тапсырмаған және тапсыра алмай қалған жастар саны шамамен 67 мыңға жетті. Бұл мектеп бітірген түлектердің 50 пайызын құрайды.
«Соңғы жылдардағы көрсеткіштерді саралай келе, түлектердің 25-30 пайызының 11-сыныпты бітіргеннен кейін колледждерге түсетінін анықтадық. Мұны 30 пайыз деп дөңгелектеп, әлгі 67 мыңнан шегеріп тастаған күннің өзінде екі ортада сенделіп бос қалатын түлектер саны 30-35 мыңға жуықтайды. Олар ЖОО-на да, колледжге де түспегендер», - деді ол.
Түлектердің өмірден өз орнын таппауы – мектептердегі кәсіби бағдар беру жұмыстарының әлсіздігінің нәтижесі.
«Сол 30-35 мың оқушы 9-шы сыныптан кейін колледждерге барса болар еді. Сонда өз орнын таба алмағандар саны едәуір азаяр еді», - дейді маман.