"Биылғы жылдың аяғына дейін, бірінші кезекте, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің өз бағытынан жатпайтын активтері мен функцияларын шағын және орта бизнеске беруді ұйымдастыру жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді М. Есенбаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында агенттік мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың бәсекелес нарыққа берілуі мүмкін профильді емес активтері мен функцияларын анықтау сараптамасын жүргізеді.
Сонымен қатар, агенттік дайындап жатқан "Бәсекелестік туралы" жаңа заңда мемлекеттің коммерциялық қатысуы тиімді болатын салалар мен функциялардың тізімі қайта қаралатын болады.
Сонымен бірге, агенттік басшысы атап көрсеткендей, мемлекеттік кәсіпорындардың профильді емес активтерін шағын және орта бизнеске беру жөніндегі елбасы тапсырмасына және бәсеке нарығына қатысу үлесін ең төменгі деңгейге дейін жеткізуге қарамастан жасалған сараптама керісінше жайтты көрсетіп тұр.
"Профильді емес активтерін берудің орнына мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар керісінше оны ұлғайтуда немесе өздерінің компанияларына тапсыруда", - деп түсіндірді ол.
"Мемлекет қатысуымен құрылған ірі акционерлік қоғамдардың көпшілігінің өз компаниялары бар. Ол компаниялар оған тиісті қызмет көрсетеді және мемлекеттік сатып алулар бойынша жүргізілген бәйгелердің әдеттегі жеңімпазы болып табылады. Бұл дәстүр бизнестің мұндай жоспарланған бәйгелерге қатысудың бекер екенін түсіне отырып бұл нарықтардан кетуіне алып келіп отыр", - деп есептейді М. Есенбаев.
Атап айтқанда, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы жетекші компания ретінде локомотив бойынша барлық дерлік көрсетілер қызметті "Локомотив" АҚ-нан сатып алады. Осылайша, бұл нарыққа басқа тұтынушылардың енуіне шектеу жасайды.
"Өкінішке орай, мұндай жағдай мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің көптеген салаларында байқалып отыр. Олар көбінесе өздеріне сай келмейтін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырып отыр", - деп сөзін қорытындылады агенттік басшысы.