"Жылап жатқан қыздың бет-аузы қан. Алаңда ессіз жатқандар көп болды": Оқиға желтоқсаншы көзімен

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында оқыған желтоқсаншы басынан кешкен оқиғасын Caravan.kz медиа-порталының тілшісімен бөлісті.

"Студентік кез. Дінмұхаммед Қонаевты лауазымнан алып тастады дегенді естіп қалдық. Әлі күнге дейін әрбір қазақ Дінмұхаммед Қонаевты сыйлайды. Сол кісіні алып тастағанын естігеннен кейін іштей біртүрлі сезім пайда болды. Бір жағынан, мүмкін жасы келіп қалды ма, дұрыс шешім шығар деп ойладық. Сабағымыз түстен кейін болатын. Институтқа келсек, АЗИ, СХИ, Политех институтының балалары алаңға шығып, шешімге келіспейтіндігін айтуға митинг жасап жатыр деп естідік. Лекцияның бірінші жартысы біткен кезде, арамызда осы туралы әңгіме басталды. "Басқа балалар қазақ үшін күресіп отырса, біз қалай уайымдамай сабақта отыра аламыз? Бізге не, бәрібір ма? Қонаевтың орнына білмейтін адамды қойды. Тым болмаса қазақ тілін білетін адам болмады". Бірінші сабақ біткеннен кейін осы жерден алаңға шығайық деген ойды ұйғардық" - деді желтоқсаншы.

Оның айтуы бойынша алаңға бүкіл топ, 100-ден астам адам болып аттанды. Алаң адамға толып кеткен еді. Кейбір адамдар плакаттарға «Да здравствует Ленинская национальная политика» деген жазумен жүрді. Басында «мирный митинг» ретінде халық өз ойларын білдірген. Кенет милиция қаптап, сөйлеп тұрған адамның қолын бұрап, алып кетіп жатты.

"Бұл адамды сендерге бермейміз деп көпшілік милицияға қарсы шықты. Олармен оқыған студентті алып кеткенін бір жігіт айтты. Осы жағдайдан кейін милиция қолдарына түскен адамдарды босатуды ұйғарды. Арғы көшеде милицияның машиналарына жүгіре жөнелді. Төбелес сол жерде басталды. Кейін қолдарында қалқаны бар солдаттар келді. Қалқанды біз тек қана теледидардан, шетелде ереуілдер жүріп жатқан жаңалықтардан ғана көрген студенттер өзімізде бұндай заттың бар екенін де білмеді. Солдаттар желтоқсаншыларды қумашқы болып, қалқандарымен қатар тұрып алды.Құлаған адамды солдаттар ұстап, көтеріп, алып кетеді. Содан кейін тастар атқылай бастады. Жігіттер қабырғадағы гранитті, мәрмәрдан жасалған плиткаларды, сындырып, лақтыра бастады. Солдаттар қалқанмен, дубинкамен қорғанса, халық тас лақтырудан, ағашты сындырып, шоқпар жасап, қорғанудан басқа амал таппады", деп еске алды.

 "Бір қарасам, қасымдағы жас қыз бет-аузы қан-қан болып бажылдап жылап жатыр. Ол қызға тас тиген ба, әлде біреу соқты ма, білмеймін. Енді, осы жайт намысыма қатты тиді, өшімді аламын деп тасты қолыма алып, бір-екі қадам артқа шегініп лақтырайын деп едім, өзіме кенеттен екі көздің ортасына тас тиді. Есімді жиып, солдаттарға қарай жүгіре жөнелген кезде, қолымды екі жігіт ұстап : «Еу, бауырым, кеттік, жүгір, свои» деп Байсеитова көшесіне алып кетті. Сол жерде қолдарына бинт, мақта ұстап алған, алаңда жарақат алған адамдарға қыздар көмек көрсетуде екен. Ары қарай алаңға шығып, күресуге шамам болмады, сонымен қатар жарақат алдым. Жатақханаға келсем, кіреберістен бастап қаптаған адам. Ректор, проректор, студсовет, комсомол комитеті, бәрі сол жерде жүр. Алды-артыма қарасам: бірге оқып жүрген Болат деген жігітті көріп, шақырып алдым. Мені екінші қабатқа шығуға көмектесуді сұрадым. Ол тор сияқты зат тауып, оны тіреп екінші қабатқа әйтеуір шықтым. Өз бөлмеме кірсем, досым үйіне қайтайын деп жатыр екен. Үйі Қаскеленде орналасқан. Қанның тоқтайтын түрі жоқ. Бұны көріп, досым дәрі қобдишасында бар затты тауып, жараны емдеп, асығыс екенін айтып, үйіне қайтты. Терезені, пердені жауып тып-тыныш отырдым"- деп оқиғамен бөлісті академия түлегі.

Бір бөлмеде тұратын достары келіп, олардың әңгімелерін естіген кезде шошып кеттіпті. Ол кеткеннен кейін солдаттар алаңдағы адамдарды күрекпен ұрып, өрт сөндіргіш машинамен келіп су шаша бастаған. Талай адамдар алаңда ессіз жатқан. Достары да біраз зардап шеккен – жарақат алған, беттері көгерген. Қайрат Рысқұлбеков сол институтта оқып, жатақхананың екінші қабатында тұрған. Сол жерде қайтыс болды деген сыбысты тарапты.Қайрат жатақханадан бүгін соңғы рет шықты десіпті жігіттер


"Қан таза 15-20 сағат тоқтамай аға берді. Досы : «қанның иісі қандай екенін енді сездім» деп айтты. Бір бөлмеде тұрып жатқан жігіттердің кіріп-шығып жүргенің өзі қорқынышты болатын. Есік тоқылдатса, «свои ғой, жанымда ешкім жоқ» деп кіретін. Осылай жата берсе, тексерушілер оның сол алаңға барғанымды біліп қояды. Бөлмелерге кіріп, тергеу алып жатыр дегенді естідік. Қайтадан терезеден секіріп туыстарымның үйінде қонып, арасында сабаққа барып жүрдім",- деді ол.

Көп уақыт бойы тергеу жүріп жатты, сабаққа қатыспаған күнге анықтама әкелуді мәжбүрледі. Кейбір студенттерді сол Желтоқсан оқиғасына қатысқанын біліп, «за участие в массовых беспорядков» себебімен академиядан шығарып жіберген. 

"Күнде тергеудің өзі психологиялық қысым болатын. Дәлізде мұғалімдер студентті ұстап алып, кабинетіне кіргізіп тергеу жүргізетін. Әйтеуір ары бұрып, бері бұрып, алаңға шыққанымды мойындамадым. Алайда мен көп сабақтарға қатыспадым. Соның салдарынан мені институттан шығарып жіберді. Бірақ бір жылдан кейін қайта оқуға түсіп, академияны бітірдім. Желтоқсан оқиғасынан қалған әсерім айтқан сөзімнен-ақ білінетін шығар, бірақ бір айтарым бар. Бұл оқиға жылдап жалғаспаса да, мен соғысқа қатысып келгендей өзімді сезінемен"- деп аяқтады желтоқсаншы