Жылдамдық қуған жүргізуші жол жиегінде тұрған адамдарды таптап бірін мерт қылды

Суыт хабарды естіп оқиға орнына жеткен марқұмның туыстарының көз жасы көл болды. Ал дәл осы қымбат шетелдік  көліктің иесі жылдамдықты асырып жол жиегінде тұрған бір топ жасты таптап өткен. Өзі оқиға орнынан дереу із суытыпты. Таңғы сағат 5-те орын алған  апатқа айыпты азамат 24 жастағы Алматы қаласының тумасы екен. Арада бірнеше сағат өткенде құрықталды. Бір адамды ажал құштырып  екіншісін өлім мен өмірдің арасында қалдырып тағы төртеуін мертіктіріп қашқан жүргізуші лауазымды қызметтегі шенеуніктің ұлы деген ақпарат бар. Алайда полицейлер дөкей туыстардың тергеуге еш әсер етпейтініне сендіріп отыр. 


Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

Тергеуге оның қай жерде жұмыс істейтіні, лауазымы, қоғамда алатын орны рөлді ойнамайтын фактілер. Ең бастысы факті орын алды, соны тергеп соңына дейін жеткізуіміз керек.