Жылдан жылға «Қазақстанда жасалған» деген өнімдер санын арттыра беруіміз керек

«Бүгін біз Қазақстанның индустриялық саясатының стратегиялық маңызы бар алғашқы кезеңін қорытындылап отырмыз. Жиынға біз Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттарын, отандық және шетелдік кәсіпкерлерді кеңінен қатыстырып отырмыз. Себебі, атқарып жатқан жұмысымыздың тарихи маңызы зор. Біз бәсекеге қабілетті 50 елдің арасына кіреміз дедік. Міне, бүгін тағы да бірқатар соған жақындап отырмыз. Екіншіден, бүгінгі көрмеге Қазақстанда атқарылып отырған шаралардың барлығы қойылып отыр. Оған 139 отандық тауар өндірушілер қатысуда. Сондықтан жылдан жылға «Қазақстанда жасалған» деген тауарлар шығаруды арттыру баршамыздың міндетіміз», - деді Елбасы. Бұдан соң, Президент ағымдағы жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы екендігін айта келе, өз елімізді сырттан келетін тауарлармен емес, ішкі тауарлар арқылы дамыту қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, Елбасы телекөпір барысында Қазақстанның барлық аймағындағы бағдарламалардың орындалғанына қаныққанын айтып, жергілікті әкімдіктерге қолдаудың, қаржылай демеушіліктің болып жатқанын да жеткізді. «Осының барлығы халыққа, болашаққа деген істеп жатқан қамқорлығымыз», - деп атап өтті Елбасы.