Жыныстық сипаттағы қысым көрсеткен курьердің оқиғасынан кейін жеткізу қызметіне талап күшейтілмек

Жеткізу қызметі қарқынды дамып барады. Яғни, оның қауіпсіз болуы өте маңызды. Ақпан айының ортасында Алматыда жағымсыз жағдай орын алған еді. Гүл жеткізуші курьер жас қыздың үйіне барып, жыныстық сипаттағы қысым көрсеткен. Аталмыш оқиға әлеуметтік желіде тарап кетті. Ал жеткізуші жігіт 7 күнге қамауға алынған. Осы оқиғадан кейін полиция жеткізу агрегаторларына қойылатын талаптарды күшейтуді талап етіп отыр. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Zakon.kz хабарлауынша, Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі курьер тарапынан тіркелген жыныстық қысым фактісінен кейін жеткізу қызметтеріне қатысты бақылау күшейтілетінін мәлімдеді.

Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, жеткізу нарығы өте жылдам дамып келеді. Алайда мұндай қарқынды өсім халықтың қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы тиіс. Сондықтан полиция жеткізу сервистеріне нақты әрі қатаң талаптар енгізуді ұсынып отыр.

«Әрбір курьер тұрғын үйлерге кіреді, клиенттердің жеке деректеріне қол жеткізеді, сондай-ақ адамдардың үйде болатын уақыты туралы ақпаратты білуі мүмкін. Сондықтан біз курьерлерді жұмысқа қабылдау мен тапсырысты орындаудың барлық кезеңінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді талап етеміз. Сонымен қатар, аккаунттарды басқа адамдарға беруге толық тыйым салынуы керек. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартуға жол берілмеуі тиіс және курьерлердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына тұрақты бақылау жүргізілуі қажет», – деді ол.

Қабдулдиновтың пікірінше, бұл талаптар жеткізу нарығына қатысатын барлық тараптардың заңды сақтауға қаншалықты дайын екенін көрсетеді. 

Сондай-ақ агрегаторлар өз қызметінде ашықтықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдармен дер кезінде ақпарат алмасуға және барлық қызметкерлердің заңды түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіс.

Кездесу барысында тағы бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, платформалардың ішкі ережелерін заңға сәйкестендіру, курьерлерге бақылауды күшейту, жедел жеткізу уақыты қауіпсіздікке зиян келтірсе, одан бас тарту, сондай-ақ барлық жұмысшылардың құқықтық мәртебесін реттеу мәселелері талқыланды.

«Егер бұл салада жүйелі өзгерістер енгізілмесе, Полиция департаменті қосымша нормативтік шаралар қабылдайды және агрегаторлардың жауапкершілігін күшейтеді», – деп мәлімдеді zakon.kz.

Өткен аптада Алматыда сот курьерді қызға тиісу ісі бойынша кінәлі деп таныды. Ер адам "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша жеті тәулікке қамауға алынды.

Айта кету керек, жеткізу қызметі саласына қойылатын талаптар бұған дейін де күшейтілген болатын.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда «Қоғамдық тамақтандыру қызметтері. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша қоғамдық тамақтандыру өнімдерін жеткізу. Жалпы талаптар» атты жаңа стандарт күшіне енді.

Жаңа стандартқа сәйкес, курьерлер міндетті түрде медициналық тексеруден өткенін растайтын жеке медициналық кітапшаға ие болуы керек. Сонымен қатар олар кәсіби гигиеналық дайындықтан өтіп, жалпы қабылданған мінез-құлық нормалары мен ережелерін сақтауға міндетті.

Kursiv Research жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша, Қазақстанда әрбір екінші адам кемінде бір рет азық-түлік немесе тұрмыстық тауар жеткізу қызметін пайдаланған. E -grocery қызметін пайдаланатын клиенттердің 16%-ы тапсырысты аптасына кемінде бір рет береді. Ал респонденттердің үштен бірі (33,6%) мұндай қызметті айына бір реттен сирек қолданады.

Сонымен қатар, жеткізу қызметін пайдаланғандардың 33,7%-ы бұл сервисті соңғы бір жыл ішінде алғаш рет қолданғанын айтқан. Яғни, жеткізу қызметі нарықта жаңа қолданушыларды тартып қана қоймай, танымалдылығы өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Бұл салада еңбек жағдайына байланысты мәселелер де бұрыннан бар. Мысалы, 2021 жылы Қазақстанның әртүрлі қалаларында Wolt және Chocofood жеткізу қызметтерінің курьерлері наразылық акцияларына шыққан. Forbes.kz мәліметінше, агрегаторлармен жұмыс істейтін кейбір курьерлер жалақы тарифтері өзгергеннен кейін табыстың төмендеп кеткеніне наразы болған.

Ал 2023 жылы Астанада «Яндекс» жеткізу қызметінің курьерлері мопедтермен көшеге шығып, еңбек жағдайлары мен төлем жүйесіне қатысты өз талаптарын білдірген.