"Жүректі ауыртқан қайғылар": Қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар

Олардың ішінде қоғамдық резонанс тудырғандарына Caravan.kz медиа порталы шолу жасайды.

Асылым… Ол небәрі 3 жаста еді. Мамыр ортасында шағын ауылдан ізі-қайым жоғалған сүйкімді қызды дүйім жұрт іздеді, ел болып уайымдадық. 3 тәуліктен соң денесі көршінің дәретханасынан шықты. Бұл қалай деп дүдәмал күйде қалдық. Тамыз ортасында Асылымның адам қолынан қаза тапқаны белгілі болды. Көршінің 17 жасар қызы туалетке қорқытып кіргізіп, күштеп батырғаны анықталды. Тергеу аяқталды. 31 қарашада сот болады. Періштенің анасы қанша өтінгенімен сот жабық өтетін болды.

***

12 қыркүйекте ел тағы дір етті. Кереге тас ауылында қаскөй балауса қыз бен анасын ұйықтап жатқан жерінде айуандықпен қинап, зорлап, ұрып өлтірді. Нұрия 15-те, анасы 45 жаста еді. Отбасында 3 қыз, әкесі ерте қайтыс болған. Қандықол қылмыскер сол ауылдың әйелі мен 4 баласы бар тұрғыны болып шықты. Қазір тергеу жүріп жатыр, келесі айда іс сотқа жетуі мүмкін. Қарабет отбасы бұл ауылдан көшіп Шардараға барыпты. Ол жақтан қуылып Жетісайға жеткен. Ол жерде де ешкім бастарынан сипай қоймады. Қазір қай өлкеге қоныс аударғандарын жарияламаған.

***

Қанды оқиғадан енді ес жиғанда бозбала Шерзаттың өлімі қоғамның ашуын туғызды. Шу қалай басталып, соңы немен тынғанын білесіздер. Ал, тергеуге келсек жүріп жатыр. Шерзаттың өліміне қатысы бар деген 11 күдікті 5 бап бойынша тергелуде. Адам өлтіру, бұзақылық, қорқыту, қылмысты жасырып қалу, қылмыс туралы хабарламау. Келесі аптада Шерзаттың қырқы болады.

***

Қашқын ұсталды. 3 күн бойы жұрт дүрлікті. Естеріңізде болса, Алматы облысы Талғар аудандық тергеу изоляторынан 26 жастағы азамат қашып кеткен еді. Ол кәмелет жасқа толмаған туыс қарындасын зорлады деп айыпталған еді. Қауіпті жанды полициямен бірге ауыл халқы, белсенділер мен жергілікті бас көтерер жігіттер аяғынан тік тұрып іздеген еді. Ақыры ауыл адамдары өзі тапты.