Жүргізушілердің де халықтың да көңілі толмайды: Алматыдағы жаңа экотакси неге бәсекеге төтеп бере алмай жатыр? 

Вьетнамдық экотакси сервисі жұмысын бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ. Компания Қазақстанды Орталық Азиядағы алғашқы, ал жалпы халықаралық деңгейдегі алтыншы нарығы ретінде таңдағанын мәлімдеп, экологиялық көлік пен жаңа қызмет көрсету мәдениетін ұсынуға уәде берген еді. Алайда сервис ресми іске қосылғанына бірнеше күн өтпей, жүргізушілер наразылыққа шығып, компанияға ұжымдық үндеу жолдады. Жүргізушілердің айтуынша, уәде етілген табыс жоқ, тапсырыс аз, ал жалақыдан түрлі ұсталымдар тым көп. Осыған байланысты олар табысты бөлу жүйесін қайта қарауды сұрап отыр. Тұтыушылар да өз пікірлерімен әлеуметтік желіде бөлісуде. Жаңа ойыншы нарықтағы бәсекелеске айнала ала ма? Қазақстандықтардың көңілі неге толмайды? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жаңа сервистің жұмысын өзі тексеріп көрді.

Жүргізушілер ұжымдық үндеу жариялады

Ресми іске қосылған экотаксиге қатысты шағымдар әлеуметтік желіде тарап кетті. Жаңа сервисте жұмыс істейтін жүргізушілер компания басшылығына ұжымдық үндеу жолдап, жүзден астам қол жинаған. Олардың айтуынша, уәде етілген табыс көлемі ақталмаған. Тапсырыс аз болғандықтан, күтілген кіріс қалыптаспай отыр. Сонымен қатар жүргізушілер жалақыдан түрлі ұсталымдардың көптігіне де наразы.

Ұжымдық үндеуде олар қазіргі субсидиялау жүйесін сақтап, тек автокөлікті жалға алу ақысы ғана ұсталғанын сұрайды. Ал орындалған сапарлардан түскен қаражат компания комиссиясы мен барлық заңды салықтар шегерілгеннен кейін жүргізушінің өзінде қалуы тиіс деп есептейді.

Сонымен қатар жүргізушілер жаңа клиенттерге арналған жеңілдіктер, жарнамалық акциялар, бонустар мен маркетингтік шығындардың өз табысынан ұсталуына қарсы.

«Клиент тарту компанияның инвестициясы. Сондықтан мұндай шығындарды жүргізушілер емес, компанияның өзі көтеруі керек», – делінген үндеуде.

Олар тарифті көтеруді немесе компания шығынын көбейтуді талап етпейтіндерін айтып, тек табысты әділ бөлу жүйесін қайта қарауды сұрайды. Жүргізушілердің сөзінше, басқа платформаларда төрт-бес сағат ішінде 15–20 мың теңге табуға болады. Сондықтан қазіргі жағдай өзгермесе, көптеген жүргізуші бәсекелес сервистерге ауысуға дайын.

Caravan.kz тілшісі такси қызметін сынап көрді

Әлеуметтік желілерде тараған шағымдардан кейін редакция тілшісі сервисті өзі пайдаланып көруге шешім қабылдады.

Қосымшаны App Store арқылы жүктедік. Тіркелу кезінде бірден банктік картаны қосу талап етіледі екен. Басқа такси сервистеріндегідей қолма-қол төлеу немесе кейінірек карта қосу мүмкіндігі әзірге қарастырылмаған. Алайда басқа сервистерге қарағанда бағаның арзанырақ болуы жаңа ойыншының артықшылығы.

Алғашқы түсініксіз жағдай тапсырыс берген сәтте байқалды. Жол ақысы көлік әлі табылмай тұрып, картадан бірден шешіледі екен. Яғни жүргізуші әлі тағайындалмаған, көлік әлі келмеген, тіпті тапсырыс орындалатыны белгісіз болса да, қаражат алдын ала алынады. Мұндай жағдайда жолаушы ұзақ күтуге мәжбүр болады, өйткені тапсырыстан бас тартса, төленген қаражат қайтарылмайды.

Сонымен қатар таксиді күту уақыты ұзақ болды. Қосымша көлікті ұзақ іздейді, оның үстіне жүргізуші картада көрсетілген нақты орынға емес, басқа нүктеге келіп тоқтайды. Екі рет шақырылған таксиде де дәл осындай жағдай қайталанды.

GPS пен карта жүргізушілердің жұмысын қиындатуда

Тілші сапар барысында жүргізушімен сөйлесті. Оның айтуынша, ең үлкен қиындықтардың бірі қосымшадағы карта мен GPS жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі. Жүргізуші маршрутты бірнеше минут бойы аша алмай, бағытты іске қоса алмады. Ақырында жолды қарапайым 2GIS қосымшасы арқылы енгізуге тура келді.

Жүргізушінің айтуынша, карта жүйесінің тұрақсыз жұмысы тапсырысты орындау уақытын ұзартып, жұмыс процесін едәуір қиындатады. 

Жүргізушілер қалай жалақы алады?

Редакция тілдескен жүргізушінің айтуынша, табыс орындалған тапсырыс санына байланысты емес. Күндік төлемді алу үшін жүргізуші сегіз сағат жұмыс істеп, 80 шақырым жүруі тиіс.

Осы талап орындалса, есептелетін күндік төлем 32 мың теңгені құрайды. Алайда бұл сомадан 11 мың теңге көлікті жалға алу ақысына, тағы 3000 теңгеге жуығы электр көлігін қуаттауға жұмсалады.

Сонымен бірге бұл қаражат жүргізушінің қолына күн сайын берілмейді. Ақша тек аптаның соңында ғана төленеді.

Қызмет көрсету аумағы әзірге шектеулі

Жүргізуші тағы бір мәселені атады. Қазіргі уақытта Green SM негізінен Алматының орталық бөлігінде ғана жұмыс істейді.

Егер жүргізуші жолаушыны қаланың шетіне апарса, қызмет көрсету аймағынан шығып кетеді. Оның сөзінше, мұндай кезде GPS жүйесі жүргізушіні желіден тыс деп көрсетуі мүмкін.

Ал жүргізуші қайтадан орталыққа оралғанша бір-екі сағат кептелісте уақыт жоғалтады. Осы аралықта жаңа тапсырыс қабылдай алмайды және сегіз сағаттық жұмыс нормасын орындауға да қауіп төнеді.

«Бүгін бірінші рет жұмысқа шықтым. Жұмыс күні аяқталғанда көрермін. Бүгін мысалы екі сағатым кептелісте өтті, сондықтан жаңа тапсырыстар ала алмадым, бұл екі сағатты есепке алмауы мүмкін. Егер осы жағдай үшін еңбекақым уақытында не толықтай төленбесе, бұл жұмыстан кетемін. Себебі өзімнің жеке көлігімен басқа сервистерде көбірек табыс таба аламын», - дейді жүргізуші. 

Жүргізушілер арнайы дайындықтан өтеді

Компания жүргізушілерді жұмысқа шығармас бұрын арнайы оқытады екен.

Оқыту барысында көлік жүргізу мәдениеті, жолаушылармен қарым-қатынас, қызмет көрсету әдебі, есік ашу сияқты сервистік стандарттар үйретіледі.

Кешке ауысымы аяқталғаннан кейін тілші жүргізушімен қайта байланысып, алғашқы жұмыс күні қалай өткенін сұрады. Жүргізуші нақты жауап бермей, тек «бәрі жақсы» деп қысқа қайтарды. 

Жолаушылардың да сыны көбейіп келеді

Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарағанда, сервистің алғашқы пайдаланушылары да бірқатар мәселені көтеруде.

Әсіресе Threads қолданушылары таксидің ұзақ келетінін, көліктің белгіленген орынға дәл тоқтамайтынын және жол ақысының сапар басталмай тұрып картадан шешілетінін жиі жазуда.

Green SM бәсекелесе ала ма?

Еліміздегі такси нарығында бәсекелестік жоқ десек те болады, тек екі ірі ойыншының заманы жүріп тұр. Оны айтпасақ да белгілі. Сондықтан жолаушы үшін баға ғана емес, қосымшаның тұрақты жұмысы, ыңғайлылығы, көліктің тез келуі және сапалы сервис маңызды. Ал жүргізушілер үшін әділ табыс пен түсінікті еңбек шарттары шешуші рөл атқарады.

Green SM Қазақстанға экологиялық көліктер паркін, жаңа VinFast VF 6 Eco электромобильдерін және халықаралық сервистік стандарттарды алып келді. Алайда алғашқы апталардың өзінде анықталған техникалық мәселелер, жүргізушілердің еңбек жағдайына қатысты шағымдары және жолаушылардың алғашқы пікірлері жаңа ойыншының қалыптасқан нарық көшбасшыларымен бәсекесі оңай болмайтынын аңғартып отыр.

Енді жоғарыда аталған қиындықтар жақын уақытта шешіле ме? Жаңа сервис тәжірибелі бәсекелестермен тайталаста өз орнын таба алады ма? Қазақстандықтардың шағымы ескеріле ме? Оны уақыт көрсетеді. Әйтпесе, үлкен үмітпен келген жаңа сервис үшін Қазақстан нарығында орнығу әлдеқайда күрделі болмақ. 

Оқи отырыңыз: Такси нарығындағы монополияның соңы ма? Алматы ауасын тазартуға үлесін қосатын жаңа экотакси нарыққа келді