Жүз миллиондаған теңгенің вейпі: Қазақстанда ірі астыртын желі әшкереленді

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мән-жайы

Мәлімет бойынша, өнімді өткізу үшін әлеуметтік желілердегі онлайн-дүкендер пайдаланылып, жеткізу курьерлік қызмет арқылы жүзеге асырылған.

"Қылмыстық схемаға қатысушылар конспирация шараларын сақтап, соның ішінде ақшаны қабылдау және кейіннен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлерді пайдаланған. Қылмыстық табыс сомасы 221 миллион теңгеден асты", - деп хабарлады ведомство.

"Ұйымдастырушы қамауға алынды"

Сот санкциясымен күдіктілердің пәтері мен автокөлігіне арест қойылды. Ұйымдастырушының қамауға алынғаны хабарланды.

"Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Сондай-ақ жыл басынан бері агенттік вейптерді заңсыз өткізу деректері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастағаны белгілі болды. Барлығы 717 мың дана өнім тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігі вейптерді қолдану, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында никотинге тәуелділіктің дамуына ықпал ететінін ескертеді.

Автор: Caravan.kz