Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлыбританияда интернетте зиянды тағам жарнамасына толық тыйым салып, теледидарда оны шектеуді көздейтін заң күшіне енді. Жаңа шаралар биліктің «ата-аналарға тарихтағы ең дені сау балалар ұрпағын тәрбиелеуге көмектесу» жөніндегі уәдесінің орындалуы екені дүйсенбі, 5 қаңтар күні Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында айтылған.
Жаңа ережелерге сәйкес, «денсаулыққа аса пайдалы емес тағамдардың» жарнамасын британдық телеарналарда тек кешкі 21:00-ден кейін ғана көрсетуге рұқсат етіледі. Ал Ұлыбританияның интернет кеңістігінде мұндай жарнамалар мен бейнероликтерге толықтай тыйым салынады.
The Guardian газетінің мәліметінше, шектеулер құрамында қант, май және тұз мөлшері жоғары 13 санаттағы өнімге қатысты. Олардың қатарында қант қосылған сусындар (соның ішінде йогурт сияқты кейбір сүт өнімдері), чипсы, тұзды крекерлер мен печенье, қант қосылған жүгері үлпектері және басқа да «дайын» таңғы астар, попкорн, шоколад, сағыз, балмұздақ, тәтті тоқаштар, пицца және мұздатылған тағамдар бар.
Сонымен қатар Ұлыбританиядағы «зиянды тағам» өндірушілеріне теледидар мен интернетте «балалар уақыты» кезінде өз брендін жарнамалауға рұқсат сақталады, бірақ ол жарнамаларда зиянды өнімнің өзі тікелей көрсетілмеуі тиіс. БАҚ мәліметінше, жергілікті компаниялардың басым бөлігі жаңа талаптарды алдын ала орындауға кіріскен.
Ұлыбританияда әр үшінші бала мектеп бітіргенде семіздікке шалдыққан
Британ үкіметі балалар арасындағы семіздіктің ауқымын көрсететін статистиканы келтіреді. Мәселен, бастауыш мектепке қабылданған кезде балалардың 22,1 пайызы артық салмаққа немесе семіздікке шалдыққан. Ал мектепті аяқтаған сәтте бұл көрсеткіш 35,8 пайызға дейін өседі. Сондай-ақ 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың дәрігерге жиі қаралуының негізгі себебі — тісжегі екені атап өтіледі.
Билік зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, жарнаманың балалардың не және қашан тамақтанатынына айтарлықтай әсер ететінін, ерте жастан олардың талғамын қалыптастырып, семіздік пен онымен байланысты аурулардың қаупін арттыратынын айтады. Үкіметтің пайымдауынша, жаңа шаралар балалардың жыл сайын тұтынатын калория мөлшерін 7,2 млрд-қа қысқартуға және семіздікке шалдыққан балалар санын 20 мыңға азайтуға мүмкіндік береді.
Ұзақ мерзімді перспективада бұл ережелер азаматтардың жалпы денсаулығының жақсаруына байланысты шамамен 2 млрд фунт стерлинг үнемдеуге жол ашпақ.