ҚазАқпарат агенттігі Түркияға алғашқылардың бірі боп аттанған Апаттар медицинасы орталығының елордалық филиалының фельдшері Серікбай Ахметжановпен сұхбатты ұсынады.
Серікбай Ахметжанов Апаттар медицинасы орталығында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Қызметі барысында Астана аумағы мен оның сыртында орын алған төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысқан. Атап айтқанда, өрт, жол-көлік оқиғасы, су тасқыны және басқа ТЖ орнына бірнеше мәрте шығып, халыққа қажетті медициналық көмек көрсеткен.
Бұған дейін Серікбай Ахметжанов Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жедел-жәрдем бригадасы құрамында қызмет атқарған.
«Жедел жәрдемде күрделі шақырулар көп болды, соның бірін айтып берейін. Бір шақыртуда анафилактикалық шок алған әйелді құтқаруға бардық. Сол кісіге дер кезінде көмек көрсетіп 11-қабаттан зембіл түсіріп, темір жол ауруханасына аман-есен жеткізгенім есте қалыпты», - деп еске алды дәрігер.
Тағы бір қайғылы оқиға Астанадан 70 шақырым жерде болған. Онда жүргізушілердің бірі комаға түсіп, бас сүйегі сынған. Тез арада оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға аман жеткізген. Алайда жарақат салдарынан ол 4 күннен кейін ауруханада қайтыс болған.
Одан бөлек, ауа-райының күрт нашарлауынан Ақмола облысының тұрғындары боран мен қар құрсауында қалып, аурухана мен перзентханаға жете алмай, көмекке жүгінген. С.Ахметжанов медициналық бригада құрамында мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, сол ауылдан 117 науқасты, үш жүкті әйелді эвакуациялаған.
Бүгінде Серікбай Ахметжанов Түркия Республикасының Газиантеп қаласында зілзаладан зардап шеккен халыққа дәрігерлік көмек көрсетуде. Оның ата-анасы, жұбайы, балалары мен туыстары оның аман келуін тілеп, күтіп отыр.
«2023 жылғы 8 ақпанда Анкара уақытымен сағат 17:08-де Газиантеп қаласына келіп қондық. Бізді қарсы алған Түркиядағы Қазакстан елшілігі жатын орынға орналастырып, ертеңіне оқиға орнына апарды. Мұндағы басты жұмысымыз – құтқарушылардың денсаулығын қадағалап, керек жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсету, жергілікті халыққа да ем-дом жасау, оларды жылыну орындарына орналастыру. Тұрғындар көбінесе қан қысымы көтерілу, стресс, күйік алу, салқын тию, респираторлы аурулармен жүгініп жатыр», -дейді ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығығың фельдшері.
Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, қазақстандық құтқарушылар үйінді астынан 7 адамды құтқарып, 88 адамның денесін шығарған.
ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккендерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетуде. Осыған дейін 140-тан астам жергілікті тұрғынға, соның ішінде 17 балаға медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде стрестің жедел реакциясымен, салқын тию, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым.
Loading...