Зіңгіттей баласы жоғалған ақтөбелік ана Бердібек Сапарбаевтан көмек сұрамақ

Баласын бір айдан астам уақыт күткен Райхан Есенаманова облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болғысы келеді, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

«Мен әкімнен үй немесе жер сұрамаймын. Бердібек Мәшбекұлының қабылдауында болып, тәртіп сақшыларына ықпал етуін сұрағым келеді. Полиция қызметкерлері жұмыс істесе екен. Күннен күнге ана жүрегім езіліп барады. Ішкі істер органына күн сайын барамын. Нақты нәтиже болмай тұр. Іздеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын білгім келеді», — дейді осыдан бір ай бұрын жоғалып кеткен Ерхан Тлеуімбетовтің (суретте) анасы Райхан Есенаманова.


Естеріңізге сала кетейік, 33 жастағы Ерхан Ақтөбедегі көтерме базарда қарбыз сатып тұрған жерінен қымбат көлікке отырып кеткен болатын. Оның өз еркімен немесе еркінен тыс әкетілгені белгісіз. Көлік бейнекамераға түсіп қалғанымен, тәртіп сақшылары оның нөмірін анықтау мүмкін еместігін алға тартып келеді.