Жарияланды: 750

Алматыда "Шәкен жұлдыздары" атты бірінші Қазақстандық кинофестиваль өткізіледі

Қазақ киносының алыбы Шәкен Аймановтың 90 -жылдық мерейтойы қарсаңында, 2003-жылдың қазан айының 1-5 аралығында Алматыда "Шәкен жұлдыздары" атты бірінші Қазақстандық кинофестиваль өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы бүгін, 25-маусымда Алматы қалалық әкімшілігінде өткізілген баспасөз мәслихатында кинофестивальді ұйымдастырушылар хабарлады.

Шараны ұйымдастырушылардың түпкі ниетіне сәйкес, фестиваль Қазақстандық кинематографтың шығармашылық дәстүрлерін сақтап дамыту, қазақ киносының халықаралық беделін көтеруге бағытталады. Форумның басты мақсаты - Қазақстандық кино түсірушілердің соңғы 5 жылдағы шығармашылығын қорытындылау және отандық кино өнерінің даму мүмкіндіктерін саралау болып табылады. Кинофестиваль бағдарламасына жеке 6 бағдарлама қамтылған. Солардың бірі- толық метражды фильмдер бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша қазіргі жағдаймен 16-18 фильм көрсету межеленген. Сондай-ақ, фестиваль концепциясына отандық деректі фильмдер мен ретроспективалық фильмдер бағдарламасы қамтылып, қонақтарға арналған ақпараттық фильмдер көрсету жоспарланып отыр. Қонақтарға арналған "Фестиваль-премьер" бағдарламасына сәйкес ТМД және Балтық Республикаларының танымал кинорежиссерларының жаңа туындыларының тұсауы кесіледі. Атап айтсақ, Андрей Кончаловскийдің "Ақымақтар үйі" , Сергей Бодровтың (әкесі) "Істі тез бітірейік" тәрізді 10 фильмнің премьерасы өтеді. Фестивальдің "Әртістер шоқжұлдызы" атты бағдарламасы аясында отандық және шетелдік киноның халық сүйетін белгілі әртістер қауымы өкілдерімен кездесулер жоспарланған. Ал "Салтанат" бағдарламасына сәйкес аталмыш байқауға қатыспайтын , бірақ өткен жылдардағы ірі кинофестивальдердің жүлдегерлері болып табылатын жекелеген фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Байқау фильмдерін екі комиссия бағалайды. Кәсіпқой қазылар алқасы ең үздік ер адамның және ең үздік әйел адамның ролін сомдаған , сондай-ақ екінші пландағы ең үздік рольдерде ойнаған әртіс шығармашылығына әділ баға береді. Ал бұрынғы ҚР кинематографистері Одағы басқармаларының базасында қазір құрылып жатқан Қазақ киноакадемиясының мүшелерінен құралған екінші комиссия режиссерлар, сценаристер мен киноны түсіруге атсалысқан басқа да шығармашылық иелерінің еңбегін бағалайтын болады. Әрбір номинацияның жеңімпаздары "Шәкен жұлдыздары" фестивалінің айғақ-нышаны болып табылатын ескерткіш белгімен марапатталады. Фестивальдің сыйақы қоры 20 мың долларды құрайды. Сондай-ақ, байқау жеңімпаздарына Алматы әкімі, Азаматтық партия, Республикалық "Бөбек" қоры атынан тағайындалған арнайы сыйлықтар да табыс етіледі деп жоспарланған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть