Жарияланды: 710

Мәскеуде өтетін Қазақстанның ұлттық көрмесіне Қарағанды облысынан 15 кәсіпорын қатысады

Мәскеуде өтетін Қазақстанның ұлттық көрмесіне Қарағанды облысынан 15 кәсіпорын қатысады. Олардың арасында "Испат-Кармет", "Қазақмыс" корпорациясы, "Қарағанды конфеттері" ААҚ тәрізді кәсіпорындар бар.

Облыс әкімі баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлауынша, көрме аясында облыс атынан ұлттық киіз үй тігіп, ұлттық тағамдар әзірлеу межеленді. Мәскеудегі концерттік бағдарламаға неміс мәдениет орталығының "Танцующая долина" би ансамблі шақырылған. Сондай-ақ, көркемсурет көрмесіне Қарағандылық суретшілер А.Бегалин мен Е.Айтуаровтың туындылары іріктеп алынды. Қарағандылық өкілдерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Тоғайбаев басқарады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның ұлттық көрмесі Ресейдегі Қазақстан жылына арналған шаралар аясында тамыздың 14-17 аралығында Мәскеудегі Бүкілресейлік көрме орталығы аумағында өтеді. Көрмеде Қазақстанның экономика, ғылым және технология саласындағы жетістіктерінен, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін ұлттық дәстүр және аспаздық өнеріне, сондай-ақ, қазіргі заманғы көркемсурет және декоративті-қолданбалы өнер туындыларынан құралған кең көлемді тақырыптық экспозициялар қойылады. Ал көрменің "Жылу-энергетикалық кешен және мұнайгаз ресурстары", "Тау-кен металлургиялық кешен", "Машина жасау және металл өңдеу", "Көлік және коммуникация" , "Банк-қаржылық қызмет.Сақтандыру" , "Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі", "Құрылыс және сәулет өнері", "Ғылым және технологиялар" тәрізді тақырыптық бөлімдерінде еліміздің жетекші кәсіпорындары өз өнімдерін назарға ұсынады. 14-тамызға белгіленген көрменің ресми ашылу рәсіміне ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов пен РФ үкімет басшысы Михаил Касьянов қатысады деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть