Жарияланды: 1400

Мәжіліс Египеттің ислам мәдениеті жөніндегі "Нұр-Мүбарак" университеті туралы Қазақстан мен Египет арасындағы үкіметаралық Келісімді бекітті

Бүгін, 11-маусымда өткен мәжілістің пленарлық отырысында халық қалаулылары Египеттің ислам мәдениеті жөніндегі "Нұр-Мүбарак" университеті туралы Қазақстан мен Египет арасындағы үкіметаралық Келісімді бекітті. Бұл туралы KZ-today тілшісі Астанадан хабарлады.

Коммерциялық мақсатты көздемейтін ұйым болып табылатын бұл университет жоғары білімді рухани сала қызметкерлері- дін мамандары, исламтанушылар, араб тілі мен әдебиетінің мұғалімдері мен тәржімашыларды дайындау, сондай-ақ, Қазақстанда исламдық ғылымдарды зерттеу жүйесін дамытуға ықпал жасау мақсатымен құрылып отыр ,- делінген заң жобасына тіркеліп, ҚР үкімет басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың қолы қойылған түсініктеме -хатта. Университеттегі оқыту жұмыстары ҚР жоғары оқу орындарында қолданылатын жүйеге сәйкес жүргізіледі, абитуриенттер ҚР жоғары оқу орындарында студент қабылдау жөніндегі тәртіп бойынша қабылданады, - делінген хатта. Университеттен бакалавр дәрежесін алып шығу үшін оқыту мерзімі - 4 жыл. Келісімнің бірінші бабына сәйкес университет ғимаратын салу, оны техникалық жарақтандыру жұмыстарын Египет жағы өз қаржысы есебінен жүзеге асырады. Қажетті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген университет Қазақстан жағына қайтарымсыз көмек түрінде табыс етіледі. Бапта атап көрсетілгеніндей, Университеттің мүлік кешені мен санаткерлік меншігі - Университет жарғысында көрсетілмеген мақсаттарда пайдаланылмайтын университеттің жеке меншігі болып табылады. Алматыда осындай университет салу туралы Келісімге ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1993-жылдың ақпан айында Египет Араб Республикасына жасаған ресми сапары кезінде қол қойған болатын. Сөйтіп, Египеттің ислам мәдениеті жөніндегі "Нұр-Мүбарак" университеті туралы Қазақстан мен Египет арасындағы үкіметаралық Келісімді бекіту жөніндегі заң жобасы сенатқа жіберілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть