Абылай Мырзахметов: Инвестор жердің күтіміне дұрыс қарамаса, оны мемлекет тартып алатын механизм болуы тиіс - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Абылай Мырзахметов: Инвестор жердің күтіміне дұрыс қарамаса, оны мемлекет тартып алатын механизм болуы тиіс

Абылай Мырзахметов: Инвестор жердің күтіміне дұрыс қарамаса, оны мемлекет тартып алатын механизм болуы тиіс

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты «Жас қазақ» газетінің тілшісі Төлен Тілеубайға арнайы сұхбат берді. Осы сұхбатты біздің оқырмандардың да назарына сәл ықшамдап ұсынғанды жөн көрдік.

  • 4 Мамыр 2016
  • 8799
Фото - Caravan.kz

— Абылай аға, 1 шілдеден бастап жалға берілетін жерді бақылау тетігін қалай заңды түрде күшейтуге болады?

— Меніңше, жалға берілетін жерді бақылаудың екі жолы бар. Біріншіден, инвестормен жасалатын келісімде жерді пайдалануға қатысты талаптар нақты көрсетілуі керек. Мысалы, жерді қандай техникамен өңдейтіні, қандай тыңайтқыш қолданатыны, толық пайдаланатыны және т.б. Жаңарған заңда егер жерді бүлдіріп, жартысын өңдемейтін болса, оны Үкіметтің тартып алатын құзыреті бар екені жазылған. Сол құзіретті күшейтейік. Ол үшін қоғамдық комиссия келісімнің әр тармағының қатаң орындалуын бақылайды. Жерге алаңдаған халық: «Шенеунік ертең бірдеңеге қызығып, жерді біреуге сатады» деп қорқады. Осы қорқыныштың бұлтын сейілту үшін, қоғамдық комиссияның құзыретін заңмен белгілейік. Оның құрамына ауыл ақсақалдары, жер-жердегі «Атамекен» ҰКП-сының өкілдері, беделді кәсіпкерлер кіреді. Сонда өзімізге өзіміз сенбейміз бе? Себебі қоғамдық комиссия 1 жылда жерді пайдаланушының жұмысына мониторинг жасап, ол талапқа сай келмесе, жерді мемлекет меншігіне қайтарып алады. Яғни, инвестор агрохимияны дұрыс жасамай, жердің күтіміне қарамаса, оны мемлекет тартып алатын механизм болуы тиіс. Сол механизм екіжақты келісімде анық көрсетілгені жөн. Екіншіден, агромониторинг жүйесі енгізіледі. Сарапшы мамандар жалға берілген жерді ай сайын осы жүйенің көмегімен бақылайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында агромониторинг жүргізетін мекеме бар. 30-40 адам жұмыс істейтін мекеменің күш-қуаты сәл кемдеу. Сондықтан әр ауданда агромониторинг жасайтын бір-бір мекеме құрылуы қажет. Ол тек мемлекет құзырында болады. Жергілікті бизнес қауымдастық шетел инвесторының жұмысына жыл сайын баға береді. Сондай-ақ әр ауданда «Атамекен» агроорталық ашуда. Оған 1 млрд теңге қаражат бөлінді. Осы орталықтар агромониторинг жүргізетін мекемемен жұмылып жұмыс істейді.

— «Елімізде кімнің қанша жері бар» деген ақпарат қашан ашық айтылып, жарияланады?

— Біз жақында кәсіпкерліктің картасын жасадық. Өкініштісі, әуелі орысша және ағылшынша нұсқасы жасалды. Қазір қазақшаға аударып жатырмыз, ол әрине біздің кемшілік. Осы картада барлық кәсіпкерлердің тізімі бар. Не өндіретіні, немен айналысатыны жөнінде толыққанды ақпарат бар. Менің болжауымша, 2016 жылдың аяғына дейін Ұлттық экономика министрлігі жерге қатысты да осындай электрондық карта жасайды. Біз оған ұсыныс айттық. Сол картада еліміздегі әрбір ауданда кімнің қанша гектар жері бар, соның ішінде қаншасы үкіметтікі, қаншасы бос, қаншасы егістік, қаншасы жайылым жер – барлығы ашық көрсетіледі. Ертең жерге инвестор кірсе, міндетті түрде ол картадан көрініп тұруы тиіс. Оның нендей тірлікпен айналысып жатқанын топосурет арқылы да білуге болады.

— Ауылдағы ағайынның: «Жайылымды мүлдем жалға бермеу керек» деген пікірімен келісесіз бе?

— Иә, келісемін. Меніңше, жайылым жер ортақ болуы керек. Жайылымды жалға берсек, малды қайда жаямыз? Керісінше, оған көңіл бөліп, жайылым жерді көбейткен абзал. Өкініштісі, жайылымға су жетпей жатыр. Кеңес заманында жайылымды жерде құдық көп болатын-ды. Сол құдықтарды қалпына келтірсек құба-құп болар еді. Себебі, жайылым мен қорада өскен малдың өнімі екі бөлек. Мысалы, Қытай қазір бізден  80-100 мың тоннаға дейін қой етін сатып алуға дайын отыр. Ал біз бар-жоғы 12 мың тонна етті экспортқа шығарып жатырмыз. Оған қоса, жайылымда өскен қой етінің бағасы 10-15 пайызға қымбатырақ болады. Табиғи өнім. Меніңше, біз Қытайдың алып тұтыну нарығын пайдаланып қалуымыз керек.

Соңғы жаңалықтар