Спорт федерацияларының қазақшасы қашан түзеледі? - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Спорт федерацияларының қазақшасы қашан түзеледі?

Спорт федерацияларының қазақшасы қашан түзеледі?

 

  • 29 Шiлде 2016
  • 9567
Фото - Caravan.kz

Биыл сәуір айында еліміздегі бірнеше спорт федерацияларының ресми сайттарындағы қазақ тілінің жағдайын жазған едік. Солардың біразы өз порталдарының жаңартылатынын, қазақ тіліне басым бағыт берілетінін айтқан болатын. Алайда нәтиже көрінбейді. Бұл жолы да белді федерациялардың сайттарына шолу жасап шықтық, деп жазады Alzhan.kz.

1. Қазақстанның бокс федерациясы. Үштілді сайттың қазақша нұсқасы 2-сәуірде жаңартылған. Орыс тілінде ақпараттар сайрап тұр. Ағылшын тіліндегісі былтырғы жылдан бері жазылмаған. Өз тілін жөндеп алмай жүріп, өзге тілді қайтеді екен деген ойға қаласың.

2. Қазақстанның теннис федерациясы. Қазақшасы сауатты болғанымен, бір ай бойы еш материал жарияланбаған. Сайттың қазақша нұсқасының бөлімдері орысша жазылып тұр, «Сайты филиалов», «Детско-юношеский теннис», «обратная связь» дегендері көзге шыққан сүйелдей көрінеді екен. Ал орысшасы әдеттегідей «сайрап» тұр шіркіннің! Күндегісі күнде жаңартылып отыр.

3. Қазақстанның баскетбол федерациясы. Қазақша мүлде жазылмайтын, ана тілімізді мүлде менсінбейтін федерация. Орысшасының өзі кейде жаңарып, кейде жазылмай жүр. Қазақтардың мүддесі туралы ойламайтын тәрізді. Қай мемлекетте тұрып жатқандарын ескермейтін ұйымның болашағы бар-жоғына күмәніміз бар.

4. Қазақстан Республикасының волейбол федерациясы. Алданып қалмаңыз! Қазақша нұсқасы бар, алайда орысша материалдарды шығарып қойған екен. Бұлар сонда кімді алдап жүр? Өздерін бе? Апыр-ау, спорт саласында ұлттық мүдде, тіл, діл деген мәселелерге ден қоятын жан бар ма өзі?


5. Ауыр атлетика федерациясы. Бұл федерация қазақша сөйлейді екен. Бірақ, қатеден көрінбейді. Мәселен, «Алдын ала құрамын» деген тақырыпты көріп жағамызды ұстадық! Ненің алдын ала құрамы? Түсініксіз… Кежегесі кейін кетіп тұрған ұжымның сайты да оңып тұрған жоқ екен. Соны көрдік. Бейшара тіліміз-ай дедік те қойдық. Қолдан келер қайран жоқ.

6. Қазақстанның хоккей федерациясы. «Баяғы жартас — сол жартас, қаңқ етер, түкті байқамас». Осылай деу жарасар. Қазақ пен хоккей бір-біріне еш қосылмайтын параллель сызықтар деп ойлайтын шығар ондағылар. Қалай дегенде, үш қайнаса сорпасы қосылмай тұрғаны анық.

Әйтеуір ақтарып отырып, көңілге демеу боларлық дүниелерді де таптық. Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Қазақстанның футбол федерациясы және Дзюдо федерациялары қазақша сауатты жазып қана қоймай, ондағы материалдарды күн сайын салып отыр. Менеджменті дұрыс бағытпен дамып келе жатқан федерацияларға қандай мақтау айтсаң да жарасады. Бірақ теңізге құйған тамшыдай болған бұл аз ғана ұйымдардың жұмысы, жоғарыда жазылған федерациялардың қасында көрінбей қалып жатыр.

Спорт саласындағы қазақ тілінің, қазақ журналистерінің, мамандардың, қала берді, қазақ жанкүйерлерінің мүддесі неге ескерілмей отыр?! Қазақтілді аудиторияның ауқымы кең ғой. Әсіресе ауылды жерлерде халықтың түгелге жуығы қазақша сөйлейді. Қазақша ақпаратқа сусап қашанғы отырамыз? Туризм және спорт министрлігіні мен Ұлттық Олимпиада комитетінің құлақтарына алтын сырға!

 

Соңғы жаңалықтар