15 маусымда Алматыда «Жапон қуыршақтары» атты көрме ашылады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
15 маусымда Алматыда «Жапон қуыршақтары» атты көрме ашылады

15 маусымда Алматыда «Жапон қуыршақтары» атты көрме ашылады

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі және Жапония елшілігінің Алматы қаласындағы бөлімі 2011 жылдың 15 маусымында сағат 16.00-де «Жапон қуыршақтары» атты жылжымалы көрменің ашылуына шақырады.

  • 13 Маусым 2011
  • 660
Фото - Caravan.kz

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі өз қабырғасында «Жапон қуыршақтары» жылжымалы көрмесін осымен үшінші рет өткізгелі отыр. Бұл көрме – 2011 жылы 11 наурызда Жапонияда болған жер сілкінісі мен цунамиден кейінгі жапон мәдениеті саласындағы Алматыда ұйымдастырылып отырған алғашқы ауқымды іс-шара.

Қуыршақтар мәдениетіне бай Жапон елін «Қуыршақтар патшалығы» деп те атайды. Дәстүрлі жапон қуыршақтары «нингё» деп аталады. Бұл сөзді жапон тілінде жазғанда, «адам» және «түр» сөздердің мағынасында жазылған иероглифтер қолданылады. Жапон қуыршақтары әр алуан түрлі, олардың кейбіреулері бүлдіршіндерді, басқалары – император сарайының мүшелерін, жауынгерлер мен батырларды, ертегі кейіпкерлерін, құдайлар мен әзәзілдерді бейнелейді. Қазба жұмыстарында табылған ежелгі қуыршақтар Дземон дәуіріне жатады. Алғашында қуыршақтар жебеуші немесе тұмар ретінде қолданылған. Қуыршақтар мәдениетінің өркендеу кезеңі Эдо дәуірімен сәйкес келеді. Осы кезеңнен бастап әр түрлі және мағыналық қуыршақтар жасала бастады. Жапон қуышақтарын дайындауда ағаш, қағаз, мата, саз және гүлдеп тұрған бақытгүлдер қолданылған.
Қуыршақтардың көп бөлігі сыйлық ретінде немесе Хина Мацури сияқты Қыз балалар мерекесі үшін жасалынады. Бұл ғажайып мереке көне дәуірлерден бастау алады. Бүгінде әрбір жапон отбасында өздерінің бүлдіршін қыздарының бақыты үшін қастерлеп жинаған көптеген Хина қуыршақтары бар. Сонымен қатар, көрмеде Жапонияда 5 мамырда атап өтілетін Ұл балалар мейрамына арналған қуыршақтар – Гогацу Нинге тобы да ұсынылмақ. Жапонияда қуыршақтар жасау өнері 1936 жылдан бастап ресми түрде танылды. 1955 жылы Жапон үкіметі «Шынайы ұлттық қазына» («Нингэн кокухо») дәрежесі тағайындады, бұл дәрежені қуыршақтар жасайтын озық шеберлер алады.
Көрмеде 70-тен астам қуыршақ ұсынылады, олардың ішінде Жапония театр өнерінің ең озық дәстүрлі қуыршақтарын – әйгілі Но, Бунраку және Кабуки театрларының белгілі сахна қуыршақтарын, сондай-ақ, дәстүрлі Кокэси қуыршақтарын және қазіргі заман шеберлерінің дайындаған қуыршақтарды тамашалауға болады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі алматылықтарды және қала қонақтарын Жапонияның әр түрлі кезеңдегі тұрмысы және мәдениетімен танысуға және Жапонияның дәстүрлі қуыршақ өнері шеберлігін бірегей «Жапония қуыршақтары» көрмесі аясынан тамашалауға шақырады.

Көрме 2011 жылдың 3 шілдесіне дейін жалғасады.

Көрме кураторы Әсел Билибаева 264-46-50

Соңғы жаңалықтар