Жарияланды: 5500

Айтыста Айнұр Тұрсынбаевадан да көп көлік ұтып алған ақын бар екен

Айтыста Айнұр Тұрсынбаевадан да көп көлік ұтып алған ақын бар екен Сурет - otyrar.kz

Танымал ақын, айтыс өнерінің дүлдүлі Айнұр Тұрсынбаеваның жыр бәйгесінен 30-дан аса көлік ұтқанын ел біледі. Тіпті, айтыста Айнұрдан көп көлік мінген ақын жоқ деп санайтындар көп. Шындығында солай ма?

1997 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан айтыс бәйгесіне 300-ге жуық автокөлік тігілген. Алғашқы көлікті ақын Бекарыс Шойбеков тізгіндепті. Бұл туралы Астана арнасының “Ел аузында” бағдарламасында айтылды деп хабарлайды Stan.kz.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Аманжол Әлтаев жыр бәйгесінен қанша көлік ұтқанын ешқашан ашып айтқан емес. Өнер майталманы «айтыста менен көп мәшіне мінген ақын жоқ» деп жар салды.  Десе де ол қанша көлік ұтқанын ашып айтпады.

Есесіне бұл сұраққа Жүрсін Ерман жауап берді. Ол Аманжол Әлтаевтің сөзін растады. 43 көлік ұтқан ақын Аманжол Әлтаев тұлпар тізгіндеуде алдына жан салмапты. Ал жұрт көшбасшы санаған Айнұр Тұрсынбаева 35 көлік еншілеген. Осылайша айтыстың аққуы бұл рейтингте 2-орынды місе тұтты. Одан кейінгі орындар 10 шақты көлік ұтқан Ринат Зайытов, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақовтарға бұйырды.

Көлік тізгіндеудің «хас шеберлері» тапқан табыстарын киім-кешекке жұмсайтын көрінеді. Мәселен, Аманжол Әлтаев бір белдігінің құны бір көлікке татитынын айтса, Айнұр Тұрсынбаева ұлттық нақыштағы киімдерге шашылатынын мойындады.

«Ең қымбатқа түсетін ұлттық киімдер. Айтысқа қатысатын болған соң алуыма тура келеді. Шындығында 400-500 мың теңгеге шығып жатыр. Ешқандай демеушісіз шығамын, сондықтан да көбінесе ұлттық киімдер алу қымбатқа түседі», – деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін