Әлішер Каримов «Ереван шақырады» байқауында жүлдегер атанды
![]() |
Арменияда өткен байқаудан отандасымыз үшінші орын жеңіп алды. |
Ал бас жүлде израильдік аруға бұйырыпты.
Бірінші орын Украина әншісінің қанжығасына байланса, грузиялық үміткер екінші орынды олжалады, деп жазады «Айқын» басылымы.
Байқау шарты бойынша, әр қатысушы үш әннен дайындап келген. Алдымен қазылар алқасы мен көрермендер сынға түсушілердің әлемдік танымал туындыларды қалай шырқайтынын сынап көрген. Одан кейін әр орындаушыға өз елінің үздік әнін паш етуге мұрсат берген. Соңынан ақтық бәйгеге іріктеліп шыққандар армян тілінде мүмкіндіктерін байқаған. Әлішер тарту еткен Төлеген Мұхамеджановтың «Іңкәрім-ай» әнін шетелдіктер үлкен ықыласпен қабылдаған көрінеді.
Естеріңізде болса, ол бір жыл бұрын жиырмасыншы мәрте өткен халықаралық «Витебск-2011» эстрадалық әндер байқауында да өнер көрсетіп, үшінші орынды иемденген болатын.
Ал «Ереван шақырады» байқауы биыл бірінші рет қолға алынып отыр. Ауқымды шара Армения астанасының 2794 жылдығына арналыпты.
Дүбірлі додаға Украина, Белоруссия, Мальта, Эстония, Латвия, Литва, Қазақстан, Израиль, Польша, Испания, Румыния, Грузия, Ресей, Молдова, Болгария, Ұлыбритания сияқты мемлекеттің жастары жиналған. Олардың басым бөлігі «Евровидение», «X-factor» жобаларына қатысып, тәжірибе жинақтағандар. Жүлде қорына тоқталсақ, аз да емес, көп те емес, 20 мың долларды құраған. Жеңімпаздар қомақты қаржымен қоса, заттай бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталған. Армян тілінде үздік ән салған үміткерге арнайы жүлде тағайындалыпты.
Әлішер еліміздің атын асқақтатып қана қоймай, өз тыңдармандары үшін «Тағы да» деп аталатын альбомын жарыққа шығарды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін