Алматыда белгілі түркітанушы Ғұбайдолла Айдаровтың 90 жылдығына орай жиын өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда белгілі түркітанушы Ғұбайдолла Айдаровтың 90 жылдығына орай жиын өтті

Алматыда белгілі түркітанушы Ғұбайдолла Айдаровтың 90 жылдығына орай жиын өтті

Алматыдағы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында белгілі түркітанушы, филология ғылымының докторы Ғұбайдолла Айдаровтың 90 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті.

  • 17 Маусым 2011
  • 1676
Фото - Caravan.kz

Ғұбайдолла Айдаров — ғалым, профессор, филология ғылымының докторы. Ол 250-ден астам ғылыми-зерттеу еңбек жазған. Оның еңбектері түркі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған.

Профессор ең алғашқылардың бірі болып «YIII ғасырдағы Тоныкөк ескерткішінің тілі және оның қазіргі кейбір түркі тілдеріне қатысы» тақырыбында кандидаттық, «YI-YIII ғасырлардағы орхон-енисей және талас көне түркі ескерткіштерінің лексикасы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Бұдан кейінгі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтындағы 40 жылға жуық ұзақ та өнімді еңбек жылдарында да осы түркітану, көне жазбалар тақырыбын сенімді серік еткен. «Білге қаған ескерткішінің тілі», «Көне түркі жазуларынан мағлұматтар», «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі», «Орхон ескерткіштеріндегі көне түркі жазбалары», «Енисей, Орхон, Талас бойындағы көне түркі жазба ескерткіштері бойынша жарияланған әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіші», «Орхон ескерткіштерінің мәтіні», «Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тілі», «Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің тілі» кітаптары осының айғағы.

«Ғ.Айдаров жалпы ғұмырында 20-ға тарта кітап, 200-ден аса ғылыми мақалалар жазып қалдырды. Орхон-енисей жазуларын өз ана тіліндей жатқа оқыған ғалымның бұл еңбектерінде көне түркі жазуларының грамматикалық құрылысын, тілдік ерекшеліктерін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік тұрғыдан терең талдау жасайды», -дейді аталған инситуттың бас ғылыми қызметкері Бабаш Әбілқасымов.

Сондай-ақ ол ғалымның орхон жазуын күнделікті пайдаланып жүрген жазулар сияқты жылдам қолымен жаза беретіндігін айтады. «Көне түрік ескерткіштері екі ғасырға жуық зерттелген сала. Шетелдің, орыстың ғалымдары көп зерттеген. Ал, қазақтың ішінде тұңғыш рет Ғ.Айдаров кіріскен еді. Ол алғаш мақала жазып жүргенде белгілі түркітанушы ғалым Сергей Ефимович: «Шығыстан бір қазақ баласы көне түркі ескерткіштерімен айналыса бастапты, бұл өте жақсы. Осы адамнан көп нәрсені күтуге болады» деп жазған еді», -деп атап өтті өз сөзінде Б.Әбілқасымов.

Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, доктор, профессор, ғалым Рабиға Сыздықова аталған ғалымның тіл тарихына байланысты ең көп еңбек жазып, ең құнды мәліметтер бергендігін айтады. «Ол сонау V-IX ғасырлардағы түркілердің тілі, жазуы жайында көп зерттеді. 1962-1988 жылға дейін монографиялық еңбеткермен қатар, тек 85 ғылыми мақала жариялапты. Бұл әріптесімнің ғылымға жан-тәнімен берілген, өте еңбекқор екендігін көрсетеді. Көне түркі жазуын зерттеу өте ауыр іс. Ол неге осыған бет бұрды дегенге келсек оның жүрегі қазақ тілі үшін ауыратын. Сондықтан ол өз тілінің тарихын зерттеуді жөн көрген», -дейді Р.Сыздықова.

Соңғы жаңалықтар