Жарияланды: 1200

Алматыда қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ашылды

Алматыда ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында «Жібек жолы» орталықазиялық көрме-жәрмеңкесі ашылды.

«Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы мен ҚР Мемлекеттік орталық мұражайының ұйымдастыруымен ашылған шараға өз елімізбен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ресейдің келген 130-дан аса қолөнер шеберлері қатысуда. Көрме-жәрмеңкеге шеберлердің ең үздік қолөнер бұйымдары - қыштан, теріден, киізден, ағаштан жасалынған заттар, киімдер, зергерлік бұйымдар және тағы да басқа көптеген туындылары қойылған. Шараның ұйымдастырушысы «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығының басшысы Бақыт Әбдікәрімнің айтуынша, көрмеге қатысушылардың саны жылдан жылға артуда. "Осы қатысушылардың арқасында біздің салт -дәстүрімізге, мәдениетіміздегі материалдық дүниелерге, жалпы елге және оның халқына деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы артуда. Бұл шараны өтуі біз үшін де, еліміздің қолөнер шеберлері үшін де үлкен мереке",-деді ол. Оның айтуынша, мұнда қатысушылар өз бұйымдарын таныстырып қана қоймай, тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа әріптестер таба алады. "Негізі бұл көрме-жәрмеңкені ұйымдастырудағы мақсатымыз - еліміздегі қолөнер саласын дамыту, қазақстандық шеберлер мен шетелдік шеберлер арасына "алтын көпір" болу, отандық қолөнер шеберлері жұмыстарының алға қарай жылжуына ықпал ету, сонымен қатар, осы шара арқылы қала тұрғындары мен қонақтарға қолөнердің тың дүниелерімен таныстыру, мереке сыйлау болып табылады",-деп атап өтті ол. Шараға келушілер шығармашылық өнерді тамашалап қана қоймай, зергерлік өнер бойынша шеберлік-сыныптарға қатыса алады. Оны бүгіннен бастап, Қазақстанның суретші-зергері Сержан Баширов өткізуде. Шара маусымның 5-дейін жалғасатын болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін