Алматыда "Сағым қуғандар" мистикасының премьерасы өтті
28 қараша күні Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында "Сағым қуғандар" мистикасының премьерасы өтті. |
"Бұл менің мемлекеттік деңгейдегі үлкен театр сахнасында қойлып отырған алғашқы шығармам. Журналистік қарбаласқа толы тіршілік жетегімен бұған дейін драматургиялық туындыларымды ешбір театрға ұсынып көрмегем. Оның сәті енді келген сияқты. Оған түрткі болған Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры және көркемдік жетекшісі Талғат Теменов болып отыр. Ол бірде кездескен кезімізде "жазған дүниелеріңізді берсеңізші, оқып көрейік", деген соң 2 пьессаны ұсынғам. Оның ішінен жастар тақырыбына жақын келгендіктен осы қойылымды таңдап алыпты", - деп атап өтті премьераға қатысқан қойылым авторы Жұмагүл Солтиева.
Автордың айтуынша, режиссер, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытов оны ықшамдап, оның идеясын байыту үшін ібілісті қосқан. Бұл шешім оның да көңілінен шыққан. Өйткені қойылымдағы бас кейіпкерлер Дәурен мен Ермек сияқты жастар қазір өте көп. Сайтанның жетегіне еріп, өзінің ғана емес өзгенің де өмірін ойран етіп жүрген жастарға бұл үлкен сабақ болмақ.
Жас ұрпақты қорқаулық, тойымсыздық, дүниеқоңыздық сияқты жағымсыз қасиеттерден сақтандырып, санасына ғибратты ой салатын бұл қойлымның қоюшы-суретшісі ҚР Мәдениетт қайраткері Бақыт Срайылов. Киім үлгілерінің суретшісі - Индира Ихсан, Балетмейстері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құралай Сарқытбаева, ал музыкасын құрастырған - Торғын Рақымбаева.
Бас кейіпкерлерді сомдағандар - Мерей Әжібеков (Дәурен), Олжас Жаңабеков (Ермек), Гүлдана Ергешова (Сәбира), Тұрсын Құралов (әке), Әсел Мәмбетова (ана) және тағы басқалар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін