Анаммен бірге дуэт болып ән шырқағым келмейді - Әли Оқапов
![]() |
Мен шынымды айтсам, анаммен бірге дуэт болып ән шырқағым келмейді. |
Бүгін Алматыда Қазақстанның халық әртісі, атақты эстрада жұлдызы Роза Рымбаеваның шығармашылық қызметіне 40 жыл толуына орай, «Ертеңіме сенемін» атты мерейтойлық концерті қарсаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында мерейтой иесінің ұлы, жас әнші Әли Оқапов осылай деді.
Оның айтуынша, анасы кіммен болса да дуэт болып ән салғанда арқаланып кететіні соншалық, қасындағы оппонентін «жеп» қоятындай әсер қалдырады.
«Расында солай. Анаммен бірге дуэт болып ән салу оңай емес. Бұл - үлкен жауапкершілік. Анам әнге соншама беріліп, арқаланып, асқақтатып шырқағанда алға түсіп алып, әннің туын жалғыз өзі алып жүретіндей әсер қалдырады. Мұндай сәтте ең бастысы - кедергі жасамай қолдау көрсету. Бұл, әрине, шығармашылық өнердің бір қыры ғой. Мұнда музыкалық теңгерімді, үйлесімділікті сезіну өте маңызды. Мен іріктеуден өтіп, анаммен бірге дуэт болып ән шырқайтыныма бақыттымын», - деп езу тартты Әли Оқапов.
Сонымен қатар, ол анасының тәрбие ісінде қатал екендігін жасырмады.
«Иә, жасыратыны жоқ, анам қатал. Мәди екеуміз тәртібіміз үшін, музыка үшін талай шапалақ жегенбіз. Өйткені, анамыз шығармашылық жұмысымызға сын көзбен қарап, баға берерде бізге ұлдары ретінде емес, тұлға ретінде қарайды. Жалғандықты жаны сүймейді. Бізді өнерге барынша адал болуға, тәртіпті болуға баулыды. Анамның шығармашылық жолына, еңбекқорлығына, концерттеріне қарап, қалайша өз ісіңе адал бомайсың!? Әрине, барлық ісіңді анаң секілді ең жоғары дәрежеде мінсіз жасауға күш саласың», - деді Әли Оқапов.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін