Ақылбек Шаяхметтің 60 жасқа толуын Жітіқара және Әулиекөл аудандары атап өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақылбек Шаяхметтің 60 жасқа толуын Жітіқара және Әулиекөл аудандары атап өтті

Ақылбек Шаяхметтің 60 жасқа толуын Жітіқара және Әулиекөл аудандары атап өтті

Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Ақылбек Шаяхметтің Қостанай төрінен басталған алпыс жылдық мерейтойы оның туып-өскен өңірі Жітіқара ауданында жалғасын тапты.

  • 21 Маусым 2011
  • 759
Фото - Caravan.kz

«Іздеймін деп тірліктің басқа амалын,

Баққан жоқпын ешкімнің қас-қабағын.

Беттемедім өріне Алатаудың,

Қызықпадым төріне Астананың» — деп ағынан ақтарылған ақынды жерлестері ыстық ықыласпен қарсы алып, Жітіқара қаласындағы «Асбест» мәдениет сарайында шығармашылық кеші өтті. Кеште Нұрғожа Ораз, Серік Тұрғынбек, Серікбай Оспанов, Жәди Шәкен, т.б. қазақ қаламгерлері сөз алып, ақын шығармашылығының алуан қырына тоқталды. Қаламгердің туған ауылы Забеловка ауылының тұрғындары да оған айрықша құрмет көрсетіп, қазақ дәстүрімен шапан жауып, ат мінгізді.

Ал кеше Ақылбек Шаяхметтің 60 жасқа толуын Әулиекөл ауданы атап өтті.

Айта кету керек, ақын Жітіқара ауданында еңбек жолын қарапайым шопан болып бастаса, газет-журнал беттерінде мақалаларымен және жырларымен жиі көрініп жүрген талапты жасты кезінде Әулиекөл аудандық газетіне қызметке шақырған екен. Яғни, қаламгердің шығармашылық жолы Әулиекөлде басталған. Осыған орай аудан әкімдігі ақынды арнайы шақыртып, аудандық Мәдениет үйінде тамаша кеш өткізді. Кеште Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының директоры, жазушы Ғұмар Ахметчин баяндама жасап, аудармашы ақын Әбдірахмен Досов ақын өлеңдерінің жаңа аудармаларын оқыды.

Биылғы жыл ақын үшін жемісті жыл болды. «Фолиант» баспасынан екі томдығы: «Мінажат» атты поэзиялық жыр жинағы және «Тайбағар» деп аталған прозалық жинағы жарыққа шықты. Сонымен қатар Қостанайдағы Баспа үйінен «Бақыт» деп аталатын махаббат туралы жырлары, «Ақсұлу» пьесалар жинағы, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ баспаханасынан «Ақын асқан алпыс асу» атты кітабы және «Көңіл жүйрік, тіл-орақ» атты оқу құралы жарық көрді. Алматыдағы «Қазығұрт» баспасы қаламгердің «Гуси-лебеди летят» деген орыс тіліндегі жинағын да биылғы жылы жарыққа шығарады. Ақын өзінің жаңа кітаптарын аудандық кітапханаға тарту етті.

Соңғы жаңалықтар