Жарияланды: 690

Ақылбек Шаяхметтің «Шоқанның шері» қойылымын өнер сүйер қауым жылы қабылдады

Кеше Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақылбек Шаяхметтің «Шоқанның шері» атты қойылымы көрермен назарына ұсынылды.

Шығыстың құйрықты жұлдызындай жарқ еткен ғұлама ғалым, Қостанай облысының Сарыкөл ауданының Күнтимес деген жерінде дүниеге келген Шоқан Уәлихановтың ғұмыры мен қайраткерлік жолын суреттеген қойылымды Қостанайдың өнер сүйер қауымы жылы қабылдады. Қойылымда империялық саясаттың қазақ халқына тигізген зардаптары, Шоқанның арпалысқа толы кезеңі жан-жақты көрініс тапқан. Қазақ пен қырғыздың бай-манаптарының тартысы да шығармаға арқау болған. Осы тұста «Манас» жырынан да үзінді келтірілген. Шоқанның трагедиялық тағдырын суреттеген әрі осы қойылымның режиссері Арқар Уәли көрермендер қошеметіне бөленді. Алматыдан Қостанайға арнайы келіп, Ақылбек Шаяхметтің «Шоқанның шері» қойылымын тамашалаған филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынбек Кәкішев: «Бұл қазақтың иманын оятатын туынды екен. Дәл бүгінгі заманның қойылымы. Автор «Шоқанның шері» арқылы қазақтың шерін қозғайды. Ақылбектің үлкен ақындық қабілеті осындай шығарманы тудырғанына өте қуанамын. Бұл қойылым Алматы мен Астана театрларында да көрсетілсе, дұрыс болар еді»,- деп өз ойын ортаға салды. Жиналған қауым Шоқан Уәлихановқа арналған шығарманы сахнаға сәтті шығара білген шығармашылық ұжымға қошемет білдірді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін