Астана күніне арналған құттықтау-тілектер - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана күніне арналған құттықтау-тілектер

Астана күніне арналған құттықтау-тілектер

6 - шілде Астана күні. Астана күні – жалпыхалықтық мереке.

  • 3 Маусым 2023
  • 14144
Фото - Caravan.kz

Қазақстанның жас елордасы, бүгінгі Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қаланың әлем халықтарына мақтана көрсетер жетістіктері аз емес. Астана — болашағы жарқын қала. Сондықтан да Қазақстанның жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін!  Астана күні құтты болсын!

*****************************************

Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы Астананың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріңізге, ерен еңбектеріңізге, азаматтық қоғам құруға белсене қатысқандарыңызға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға ат салысқандарыңызға алғысымызды білдіреміз.

Сіздерге бақытты да баянды өмір, зор денсаулық, қажымас қайрат, жемісті еңбек, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш, құт-береке тілеймін. Сүйікті қаламыз – ару Астана көркейе берсін!

***************************************

«XXI ғасырдың табалдырығында біз өз таңдауымыз – көне Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астанамыз туралы мәлімдейміз. Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының айқындамасы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болу құқығы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік-жігері бар. Осы таңдауға дәйім лайық болайық»

Нұрсұлтан Назарбаев

*************************************

************************************

Астана.

Бұл сөзге Қазақ түгіл, төрт-күл әлемнің еті үйренгендей.

Астана сөзі тілге оралғанда шаһар ретінде жаңа-жаңа бойын тіктеп, еңсе көтеріп келе жатқан Елордасы көз алдымызға келе қалады.

Ол – жай қала ғана емес. Елорда. Кеше ғана Тәуелсіздігін алып, буыны енді қатайып келе жатқан Қазақ мемлекетінің астанасы.

Астана қазіргі күні көздің жауын алады . Қарап тұрып сүйсінесің . сүйсініп тұрып , шүкіршілік етесің .

Астана – бұл қазақтың, мерейі, мәртебесі. «Мерейіміз таси бергей, Астанамыз ажарына ажар қосып, сұлулығынан танбағай» деген шынайы көңіл тұла бойды кернейді.

Астана дүниежүзіне мәлім. Мұнда әлемнің талай мемлекеттерінің серкелері бас қосып, пікір алмасып, маңызды шешімдер қабылдап жүр.

Астана – ел мақтанышы. Мұнда қызмет ету де, білім алу да – бақыт.

Астана – жаңа қала, жаңа шаһар. Ол келешекте бүгінгіден де құлпырып, көркейе беретіндігіне сенім.

*********************************************

Арман қала — Астана


Ағылып Атыраудан, Алатаудан,

Көш қонды Қараөткелге таласа ауған.

Жайнайды Астана ару алқасындай,

Ғажайып ғимараттар жаңа салған.

Сарыарқа сауырында,

Ерке Есіл баурында

Келеді бой көтеріп арман қала.

Арман қала! Асыл дала!

Жаңа астана! Астана!

Төріне туған жердің туын тігіп,

Ерекше ел ел еңсесі бүгін биік.

Астана — Ақ Ордасы қазағымның,

Алтын тәж ақ маңдайға қонған сүйіп.

Сарыарқа сауырында, Ерке Есіл баурында

Келеді бой көтеріп арман қала.

Арман қала! Асыл дала!

Жаңа астана! Астана!

Көз тоймас келбетіңе — қандай көркем!

Астанам — жаңа қала жайған өркен.

Астанам — жүрегі елдің, жүрегі елдің,

Соғатын сәтіменен бүгін де, ертең!

Сарыарқа сауырында,

Ерке Есіл баурында

Келеді бой көтеріп арман қала.

Арман қала! Асыл дала!

Жаңа астана! Астана!

Сөзі: Е. Шаймерденов Әні: М. Омаров

 

Қалқаман Сарин — Астана

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,

Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.

Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,

Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,

Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.

Баянды бақытымның бастауындай,

Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,

Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.

Сұрланып сырт айналған суық көздер

Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,

Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.

Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің

Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,

Қашан да еркіндіктің құны басым.

Керіліп кербез далам көсіледі,

Сезініп бостандықтың шұғыласын!

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,

Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.

Бірлікті байрақ етіп болашаққа,

Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!

**************************

Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,

Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,

Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам…

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,

Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,

Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.

Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,

Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.

Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,

Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен Астанам…

Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!

Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?…

*****************************

Соңғы жаңалықтар