«Бейжің операсы кейіпкерлерінің бейнесі» атты көрменің Қазақстанда Азия елдерінің ішінде алғашқы болып ұйымдастырылуына Қытай елінің мәдениет министрлігі және С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ жанында жұмыс істейтін Қазақ-қытай ғылым және білім орталығы мұрындық болды.
Көрмеге әрқайсысының ұзындығы 60 сантиметр болатын 60 қуыршақ қойылды. Әр бейне Қытай халқының осыдан 2-3 мың жылдар бұрынғы саясат, философия, этика, әдебиет, эстетика мәдениетінен сыр шертеді. Қытай операсы 4 негізгі техникаға негізделген: ән айту, диалог және монолог, қимыл-әрекет, акробатикалық күрес. Сонымен қатар, қозғалыстың бес әдісін қамтиды: қол, көз, дене, ишара және қадам. Бейжің операсы әлемде ең бай үлгідегі костюмдерімен ерекшеленеді.