Астанада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме ашылды
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Тарих, уақыт және заман» атты кітап-құжаттық көрмесі ашылды. |
Шара 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылды. Көрме негізін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының және Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің қорындағы, сонымен бірге мұражай қызметкерлерінің ғылыми экспедициялары кезінде Орынбор, Мәскеу, Омбы, Алматы, Тәшкент, Қызылорда қалаларынан жинаған «АЛЖИР» лагері тұтқындарының тағдыры тақырыбын ашатын фотоқұжаттар, хаттар және олардың жеке заттары құрайды. Оған Сұлтанбек Қожанов, Нығмет Нұрмақов, Төребек Османов сынды Алаш қозғалысы, сонымен қатар қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұлт бостандығын басты мұрат еткен зұлмат заманның саналы азаматтардың ҚарЛАГ лагеріндегі фотосуреттері, мұрағаттық құжаттар еніп отыр. Сонымен қатар «Халық жауының зайыбы» аталып, тағдырлары тәлкекке түскен Гүлжамал Майлина, Әзиза Рысқұлова, Мәриәм Анцис сияқты батыр әйелдер және олардың балалары туралы материалдар ұсынылған.
КСРО-да талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагерь болса, соның үшеуі еліміз аумағында құрылды. Осындағы атынан адам шошырлық «АЛЖИР» лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды.
Көрменің ашылуы барысында келушілерге «Біз куәміз» деректі фильмі көрсетілді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін