Жарияланды: 580

Астанада «Шабыт» фестивалі шымылдығын ашты

Астанада XV халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі басталды.

Конгресс Холл сарайында бір жұма бойы бас шаһарды ән мен күйге бөлейтін фестивальде үміткерлер «Классикалық музыка», «Журналистика», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы», «Цирк өнері», «Балеттің жас әртістері байқауы» және «Үздік әдеби шығарма» аталымдары бойынша өнерлерін сынайды. Талай жастардың кеудесіне үміт отын тұтандырып, шығармашылығына серпіліс берген халықаралық «Шабыт» фестивалі биыл он бесінші рет өтуде. Ол өзінің ғұмырында 14 мыңға тарта шығармашыл жастың жігерін жанып, жарқын таланттарын танытуларына мүмкіндік берді. Астанада мәдениет пен өнер зиялыларының шоғырын қалыптастырды. Байқаудың салтанатты ашылу рәсіміне Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов құттықтау хатын жолдады. «Өнер жолы қашанда күрделі. Тынбас еңбекті, темір төзімділікті, табиғи талант пен туа біткен дарынды талап етеді. Бұл ретте қашанда біздің руханиятымыздың өлшемі мен өрісі ең алдымен өнегесі мол, талапты, талантты, шығармашыл жастарына байланысты. Өнер мен руханият саласындағы сан алуан шаруалар мен жобалардың елорда төрінен бастауын алып, аяғын тауып жатқаны мәлім. Бүгінгі фестиваль Астананың ең алғаш Арқа жерінде қазығын бекітіп, елорда мәртебесін алған 1997 жылдан бастап жыл сайын жас таланттардың талабын шыңдап, арманына қанат байлап келеді», - делінген И.Тасмағамбетовтың құттықтауында. Фестивальға 11 мемлекеттен 500-ден астам үміткер қатысуда. 8 қарашада, фестивальдің соңғы күнінде «Шабыт» Гран-при жүлдесімен қатар, ең дарынды қатысушыға Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі табысталады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін