Жарияланды: 410

Астанада зергерлік өнер көрмесі өтеді

14 желтоқсан күні Астанада «Назарбаев орталығының» (бұрынғы Президенттік Мәдени орталық) Күміс залында ҚР Тәуелсіздігінің 21 жылдығына орайластырылған зергерлік өнер көрмесі ашылады, деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.

Зергерлік өнердің хас шеберлерінің көрмесі Б. Алибай, Е. Даубаев, Н. Жээренчиев және У. Сейдалиев сынды мәдениет қайраткерлерінің өткені мен бүгінгісін тұтастырып, өрнектердің құпия сыры мен металдың пластикасын паш етеді. 15 қаңтарға дейін жұмыс істейтін көрмеде ұсынылатын зергерлік бұйымдар бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған. Зергерлік өнер - қазақ халқының мұрат-мақсаттарын, оның даму ерекшеліктерін, шығармашылық пен материалдық құндылықтарды қабылдау деңгейін көрсетіп, Қазақстан мәдениетінде ерекше орын алады. Ежелгі дәуірдегі он саусағынан өнер тамған зергер-шеберлер бағалы тастар мен асыл металдардан жасалған, қайталанбас Көшпелі - Номад әлемі қоршаған орта сюжеттік өрнектерімен әшекейлер мен тұрмыстық заттарын көмкере отырып, «Өшпес» өнер туындыларын ұрпақтарына мұра етіп қалдырды. Орталық Азия халықтарымен көптеген ұқсастықтары бола тұра, қазақ өнері қайталанбас биік тұлғалылығын сақтай отырып, мүсіндік бейнелігімен ерекшеленді және мұнда кішкене пішіннің өзінде өрнек пен фонның үйлесімі және олардың ырғақты кезектестігі сезіледі. Олар металдың асылдығын, тастардың әсемдігі мен сиқыр күшін аша түскендей. Ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Алтын және бағалы металдар мұражайы», «Назарбаев орталығы».

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін