Жарияланды: 470

Астананың «Фараб» ән-би театры «Варна- 2011» халықаралық фестиваліне қатыспақ

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Фараб» ән-би театры «Варна- 2011» ХХ Халықаралық фольклорлық фестивалінде ел намысын қорғамақ.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ студенттерінен құралған «Фараб» ән-би театры бұған дейін де көптеген шет елдерде өнер көрсетіп, қазақ өнерін насихаттап келеді. Солардың арасында, Болгарияда өткен «София-2010» халықаралық фольклорлық фестивалін атауға болады. Онда театр ұжымы қазақтың ән-билерін орындап, шетелдік өнер сүйер қауымды тәнті етіп қайтқан болатын. «Бұл Қазақ агротехникалық университетінің халықаралық байланыстарды өнер арқылы нығайту бағытында жасап жатқан ізгі қадамдардың бірі. Себебі, өнер мен мәдениет - тіл мен ділді таңдамайтын, әрдайым достастық кепілі болып табылатын әлемдік рухани мұра», - деп атап өтті театрдың көркемдік жетекшісі Мейіржан Әлиакбаров. 1-10 тамыз аралығында өтетін «Варна- 2011» ХХ Халықаралық фольклорлық фестивалін Варна қаласы Муниципалитеті (Болгария мемлекеті) мен Мәдениет департаменті ұйымдастырып отыр. Байқауға 25 елден 34 өнер ансамблі қатысуға ниеттерін білдірді. Фестивальға тек 8 елдің би ұжымдары шақырту алды. Солардың бірі - «Фараб» ән-би театры. «Фараб» Қазақстаннан шақыртуға ие болған жалғыз би ұжымы болғандықтан, халықаралық өнер додасында ел намысын абыроймен қорғауға ниетті. ҚазАТУ студенттері байқауда әдеттегідей, қазақтың ұлттық билері мен халық әндерін орындайтін болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін