Жарияланды: 720

Асылы Османның «Тіл тәуелсіздігі - ел болашағы» атты кітабының және библиографиялық көрсеткішінің тұсауы кесілді

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Мемлекеттік тілге - құрет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілінің нағыз жанашыры, қоғам қайраткері Асылы Османның «Тіл тәуелсіздігі - ел болашағы» атты кітабының және ҚР Ұлттық кітапханасы дайындаған «Асылы Осман» атты библиографиялық көрсеткішінің тұсау кесері өтті.

Жаңа туынды Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған. Асылы Османның оқырманға ұсынып отырған жинағына әр жылдары жарық көрген ғылыми және көпшілік мақалалары, сұхбаттары мен хаттарының таңдаулылары іріктеліп берілген. Кітапқа автордың дер кезінде көтере білген өзекті тіл мәселелері мен ұсыныстары қамтылған. «Бұл еңбек - кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық құнды дүние болары сөзсіз. Асылы Осман қазақ тілінің жанашыры ғана емес, мемлекеттік тілдің мәртебесіне немқұрайлы қарайтын өзге ұлт өкілдеріне өз ісімен үлгі болып жүрген қайраткер-тұлға»,-деп атап өтті Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқарамасының бастығы Ахетов Мамай тұсаукесер барысында. Қоғам қайраткері Асылы Османның өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш 1972 жылдан 2011 жылдың наурыз айына дейін жарияланған қазақ және орыс тіліндегі әдебиеттердің библиографиясын қамтиды. Көрсеткіш ғылыми қызметкерлерге, тіл мамандарына, кітапханашыларға, мәдениет қызметкерлеріне, студенттерге және жалпы оқырман қауымға арналған. Іс- шараның аясында ҚР Ұлттық кітапхана қорынан Асылы Османның шығармашылығына арналған «Қазақтың Асылы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін