Жарияланды: 450

«Бастау» кинофестиваліне әлем елдерінен 130-дан астам туынды жіберілді

«Бастау» кинофестиваліне әлем елдерінен 130-дан астам туынды жіберілді

«Бастау» V халықаралық студенттер мен дебюттік фильмдер фестиваліне бүкіл әлем елдерінен 130-дан астам туынды жіберілді. 

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында фестивальдің бас директоры Сергей Әзімов мәлім етті.

«Бұл ерекше фестиваль. Ол оқу үдерісіне барынша жақындатылған. Фестиваль шеңберінде Еуразия кино мектептерінің Қауымдастығы құрылған. Оның құрамында Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты, сондай-ақ Еуропа және Азия елдерінің белгілі жоғары оқу орындары бар. Бұл қазақстандық жастарға студенттер алмасу жүйесі бойынша осы елдерде білім алуларына мүмкіндік береді», - деді С. Әзімов.

Ол сонымен қатар, фестивальдің басты қаhармандары - студенттер екендігін жеткізді.

«Іріктеу барысында көп жұмыс атқарылды. Әлемнің 30-ға тарта елдеріндегі кино мектептерінің студенттері бізге 130-дан астам деректі және көркем фильмдер жіберді. Биыл біз мынадай бастама көтердік. Жеңімпаздарға бір миллион теңгеден екі грант беріледі. Бұл оларға кино түсіруге және оларды келесі фестивальде көрсетуге мүмкіндік береді. Байқауға кинематография саласындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен жәй киноәуесқойлар да қатыса алады. Өйткені «Бастау» - қашанда жаңа көзқарас пен шығармашылық еркіндіктің бастауы болуы тиіс», - деді фестивальдің бас директоры.

Нақтылай кетелік, кинофестивальге Қазақстанның 18 жас пен 35 жас аралығындағы азаматтары қатыса алады. Жобалар драматургия, визуалды шеберлік және сценарийдегі көтерілген тақырыптың өзектілігі бойынша бағаланады.  

Алдағы фестивальдің бес күнінде, яғни 20-25 қазан аралығында  түрлі фильмдер көрсетіліп, киномектептердің тұсауы кесіледі. Түрлі дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, танымал кинематографистердің қатысуымен шеберлік сыныптары өткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, «Бастау» - түрлі жанрлардағы қысқа метражды фильмдер сайысы. Кинофестивальді Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Оның ашылу және жабылу рәсімі «Алатау» киноконцерт залында өтеді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін