Жарияланды: 600

Батыс Қазақстанда жаңа камералық оркестр жұмыс жасамақ

Батыс Қазақстан облысында жаңа камералық оркестр жұмыс жасамақ.

Бұл туралы кеше, 29 маусым күні облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен мәлім етті. Тек шетелдік әртістерден ғана құралып, сырт жерде өнер көрсетіп жүрген Марат Бисенғалиев жетекшілік ететін Батыс Қазақстан облыстық филармониялық оркестрінің орнына облыстық филармониялық камералық оркестр құру жөнінде өңірдегі мәдениет қайраткерлері облыстық мәслихатқа ұжымдық хат жолдап, бұл мәселе депутаттар тарапынан қолдау тапқан болатын. Осы хат негізінде биылғы 10 маусымда обыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың «М.Бисенғалиев жетекшілік ететін Батыс Қазақстан облыстық филармониялық оркестрі» МКҚК-ның атын өзгерту туралы» қаулысы шықты. Соған орай баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жаңа атауға ие болған облыстық филармониялық камералық оркестрі құрамы жаңартылатын айтты. Оркестрге лайық музыканттар Ақ Жайық өңірінде жоқ емес. Орал қаласындағы саз мектептерінің мықтылығын шетелдіктер баяғыда мойындаған. Сонымен бір мезгілде жергілікті музыканттар алынбаған М.Бисенғалиевтің оркестрін ұстауға ол құрылғаннан бері 400 миллиондай теңге жұмсалған. -М.Бисенғалиевтің оркестрі негізінен Қазақстан мен шет мемлекеттердің музыка әлемінде облыстың мәдениетін дамыту мен Жайық өңірі музыканттарының кәсіби деңгейін арттыру мақсатында құрылған еді. Оркестр өз міндетін орындамай отырғаны туралы 2008 жылы біз Маратқа ескерттік. Содан бері ол оркестр Оралға келген жоқ, - деді облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Батырханов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін