Жарияланды: 490

Батысқазақстандық суретшілердің «Қасиетті Нарын - құт мекен» атты көрмесі Астраханда қойылды

Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері Қуандық Мәдір мен Бекжан Жұмабаевтың туындылары П.Догадин атындағы Астрахан мемлекеттік сурет галереясында көрермендер назарына ұсынылды.

«Қасиетті Нарын - құт мекен» атты көрме Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы мен Астрахан мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Көрмеге қос қылқалам шеберінің 61 жұмысы апарылып, галереяның бес бірдей залынан орын алды. Портреттік жанрды шебер меңгерген Қуандық Мәдірдің туындыларынан халық Ақ Жайық пен Нарын өңіріне танымал тұлғалардың шынайы бейнелерін көре алса, Бекжан Жұмабаевтың графикалық жұмыстарынан туған өлке көріністері, қазақ эпосының кейіпкерлері көз тартады. Батысқазақстандық суретшілердің осынау дүниелері астрахандық өнертанушылардың жоғары бағасына ие болды. Көрме осы айдың аяғына дейін жұмыс жасамақ. Қ.Мәдірдің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай алдағы уақытта осындай көрмені Самара және басқа көрші облыстарда ұйымдастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ биыл күзде тәуелсіздік мерекесі аясында «Жазира Жайық-2011» суретшілер көрмесі халықаралық сипат алып, оған көршілес Ресей мен Қазақстан аймақтарының қылқалам шеберлері де қатысады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін