Батысқазақстандық театр Қырғызстаннан табыспен оралды
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Қырғызстан халық суретшісі, сол елдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Маратбек Шарафиденовтің 60 жасына толуына орай өткен театр фестивалінен табыспен оралды. |
Театр директоры Құжырғали Төлеуішевтің айтуынша, Маратбек - А.Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық опера және балет театрының бас суретшісі, еліне танымал қылқалам шебері. М.Шарафиденов қазақстандық театрлармен де байланыс жасап, бес-алты спектакльдің сценографиясын жасаған. Мәселен, Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Қыз Жібекті», батысқазақстандықтар «Ромео мен Джульеттаны» осы қырғыз суретшісінің көмегімен сахналады. Қырық адаммен барған батысқазақстандық театр опера және балет театрында екі күн бойы аталмыш қойылымды қырғыз көрермендерінің назарына ұсынды. Қ.Төлеуішев пен театрдың белді актерлерінің бірі Боранбай Молдабаевқа «Қырғыз Республикасының өнер қайраткері» кеудебелгісі табыс етілді. «Қырғыз ағайындар бізге керемет құрмет көрсетті. Маратбектің республикалық көркемсурет мұражайындағы дербес көрмесін, басқа да көрнекті орындарды тамашалап, туған жері Тоқмақта болдық. Театр әртістері бұл сапардан көп нәрсені түйіп қайтты», деді Қ.Төлеуішев.
Шілденің алғашқы күні кезекті маусымын жабатын батысқазақстандық театр содан кейін облыс аудандарына гастрольдік сапарға аттанады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін