Жарияланды: 870

БҚО қазақ драма театры гастрольдік сапармен ауыл-аймақты аралап жүр

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры гастрольдік сапармен өңір аудандарын аралап жүр.

Биылғы ХVІІІ маусымын А.Цагарелидің «Ханума» музыкалы комедиясымен жапқан театр 2 шілдеден театр Тасқала ауданының Мереке, Атамекен, Оян, тағы да басқа жеті ауылында болып, С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» (реж. Г.Жақыпова) драмасын сәтті қойып келді. Су тасқынынан жапа шегіп, енді-енді еңсесін тіктеп келе жатқан ауыл ағайындары өнер ұжымын ыстық ықыласпен қарсы алып, алғысын жаудырды. Ал 9-16 шілде күндері театр ұжымы Зеленов ауданының Үлкен Шаған, Белес, Трекин, Янайкин сияқты жеті ауылында М.Ладоның «Болмаған оқиға» (реж. М.Томанов) қойылымын ұсынбақ. 17-20 шілде аралығында Теректі ауданының халқы Д.Исабековтің «Әпке» (реж. С.Қажымұратов) драмасын тамашалайды. Шілденің ми қайнатар ыстығына қарамастан, жол азабын тартып, ауыл-аймақты шарлаудағы басты мақсат - жырақтағы ағайынды өнердің кәусар тұнығымен сусындатып, театр мәдениетінен қол үзіп кетпеуін қамтамасыз ету. Гастрольдік сапар аяқталған соң өнер ұжымы кезекті еңбек демалысына шығады. Қыркүйекте жаңа маусымда көрермендерімен қайта қауышатын театр сол айда Ақтөбеде Т.Ахтановтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын театрлар фестиваліне қатысу мүмкіндігін қарастырмақ. Сондай-ақ жыл аяғына дейін көрермендерін бірнеше жаңа қойылымдармен қуантуды жоспарлап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін