Жарияланды: 220

Дәрежесі жоғары 8 әйел

Дәрежесі жоғары 8 әйел Сурет - Ihsan.kz

Дәрежесі жоғары 8 әйел

1.    Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) келіні. Ибраһимнің ұлы Исмаилдің әйелі туралы біздің заманымызға жеткен қисса бар. Онда Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) әйелі Ажар дүниеден өткеннен кейін ұлы мен келінін көруге келгендігі айтылады. Қарт пайғамбар үйіне келсе, баласы жоқ екен. Ал келінінен жағдайларын сұраса, ол: “Таршылықта, қиындықта өмір сүріп жатырмыз”, - деп шағым айтады. Сонда Ибраһим пайғамбар (ғ.с.): “Егер күйеуің келсе, оған сәлем айт, есігінің табалдырығын ауыстырсын”, - дейдін. Исмаил үйіне келгенде, әйелі әкесінің өсиетін жеткізеді. Әкесінің тұспалды сөзінен мына әйелден ажырасуды насихат еткенін ұғып, оны төркініне апарып тастайды. Арада біраз уақыт өткенде Ибраһим пайғамбар тағы келеді. Әйелінен жағдайларын, күнкөрістерін сұрайды. Сөйтсе келіні жағдайларының жақсы екенін, тағамдарының ет, сусындарының су екенін айтайды. Сонда пайғамбар: “Аллаһым! Оларға ет пен суда береке бер!” – деп дұға етіп кетеді. Кетерінде қария ұлына сәлем айтып: “Есігінің табалдырығын бекітсін” деген өсиет қалдырады. Оны естіген Исмаил: “Ол – менің әкем. Сені өзімде ұстауды бұйырыпты”, - дейді. Міне, осылдай қанағатшыл келін пайғамбардың дұғасын алды әрі осы дұғаның берекетін Мекке тұрғындары күні-бүгінге дейін пайдаланып келеді. Ал Алла тағаланың бергеніне риза болығып, қанағат еткен Ибраһимнің келінін күллі мұсылман қауымы өзіне үлгі тұтады әрі мұсылман әйелдеріне қанағатшылдықтың қандай болуы керек екенін осы оқиғамен мысал етеді.

2.    Аюб пайғамбардың (ғ.с.) әйелі. Пайғамбарлар өмірімен таныс әр мұсылман өз заманында Аюб пайғамбардың (ғ.с.) үлкен сынаққа ұшырағанын біледі. Ғалымдардың жазуынша, Аюб пайғамбар (ғ.с.) өте бай, бала-шағасы көп, өсіп-өнген адам болатын. Алайда, Алла тағаладан бір сынақ келіп, Аюб бір-ақ күнде үйір-үйір малы мен бала-шағасынан айырылады. Ал өзі ауыр сырқатқа ұшырайды. Науқасының меңдегені сондай, денесі шіріп, жидіп түсе бастайды. Мұрынды жарған күлімсі иісі айналаны алады. Одан бүкіл туған-туысы, достары теріс айналады. Міне, сонда жанында Пайғамбарға сүйеу болып, тек адал жары ғана қалады. «Күн санап жағдайлары нашарлап, азық-ауқаттары таусылып, жоқшылық алқымдарынан алғаны сондай, әйел өте ұзын көз тартарлықтай шашын сатып жан бағуға мәжбүр болады. Кейде ауыр тұрмыс қажытқан әйел Аюбқа: “Сен пайғамбарсың ғой. Бұл бәледен айықтыруын сұрап, Аллаға дұға етпейсің бе?” – дегенде Пайғамбар: “Біз молшылықта, бақыт-шаттықта 70 жыл өмір сүрдік. Осындай мерзім өтпейінше Алладан шипа сұрауға ұяламын”, - деп жауап береді. Мұны естіген әйел затының нәзіктігіне қарамастан тағдырына салымай, болаттай бекемдік танытып, сабырмен шыдап бағады. Жиырма жылға жуық төсекке таңылып, дерті меңдеген күйеуін көңіліне қаяу түсірмей күтеді. Алланың мейірімі келіп, Аюб пайғамбар ауруынан айығады, жоғалған малдың орны толып, балалы-шағалы болады. Әйелін де зор төзімі үшін сый-сыяпатқа бөлейді. Ал Аюб әйелінің сол қиын-қыстау күндердегі сабырлылығы барша мұсылман әлеміне үлгі. Кедейшілік пен аурудың сынағы бар мұсылман әйелдері сабырлықты Аюб пайғамбардың әйелінен үйренсін әрі оны үлгі тұтсын.  

3.    Перғауынның әйелі - Әсия Музахимқызы. Құран Кәрімде: “Алла мүміндер үшін перғауынның әйелін мысалға келтірді” деген аятта меңзелген Әсия – Пайғамбарымыз (с.а.у.) атаған дәрежесі жоғары төрт әйелдің бірі. Әсия Перғауынға туған-туысқандарының амандығы үшін қорқып тұрмысқа шыққан. Бірақ әйелі бола тұра күйеуінің өзін “құдаймын” дегеніне сенбейтін еді. Кішкентайында Перғауын сарайынан шыққан Мұсаға қамқорлық танытқан Әсия, ол шақырған таухид дінге ереді. Құранда ол туралы Тахрим сүресінің 11-аятында: “Алла иман келтіргендерге перғауынның әйелін мысалға келтірді. Сол уақытта ол: “Раббым! Маған жәннатта Өз қасыңнан бір үй тұрғызып бер. Сондай-ақ перғауын мен оның істерінен құтқар және мені залым қауымнан құтқара гөр!”, - деп дұға еткені баяндалады. Бұл жай ғана мысал емес, бүкіл мүміндер үшін келтірілген әйел жайындағы мысал. Әсия анамыз патша сарайын қаламай, жәннаттан үй сұрады, залымнан құтқаруын өтінді, ақиретін ойлады. Ақыры дінінің жолында шаһид болып, Перғауынның қолынан қайтыс болды. Әсия – барлық мүмін әйелдерге дінде табандылықты үйретеді.  

4.    Билқис. Бұл әйел жайлы хикаялар шым-шытырық қызық оқиғаға толы. Ал қисса “Нәміл” сүресінде баяндалады. Бұл оқиға Сүлеймен пайғамбардың заманында болған. Билқис сол заманда патшалық құрған, ғылым-білім, өнерге, атақ-даңқ, абыройға, ақыл-парасатқа ие әйел екен. Қол астында қалың әскердің тізгіні де болыпты. Бізге жеткен деректер оның Йеменде, ал Сүлеймен пайғамбардың Палестинада патшалық құрғанын айтады. Кішкентай құс арқылы Билқистің хабарын біледі де, Сүлеймен пайғамбар оны дінге шақырып, хат жібереді. Сүлеймен пайғамбардың патшалығына келген Билқис оның ақиқат дінге шақырып тұрғанын түсініп, Құдайға бойсұнады. Билқис – мүмін қыздарға даналық, парасаттылық әрі ел билеу жағынан үлгі.

5.    Мәриям Имранқызы. Мәриям анамыздың ата тегі туралы Құранда арнайы сүре бар. Мәриям – Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде келтірілген Жәннаттағы дәрежесі жоғары төрт әйелдің бірі, Иса пайғамбардың анасы. Ол дүниеге келген кезде анасы дұға етеді, ол туралы Құран Кәрімнің Әли Имран сүресінің 36-аятында: “Мен оны Мәриям деп атадым, Өзіңнен оны және оның ұрпағын қуылған шайтаннан (сақтауың үшін) пана сұраймын”, - деп келтіріледі. Анасының дұғасы қабыл болып, Мәриям тақуа, ізгі, арлы қыз болып өсті. Алланың мұғжизасы арқылы дүниеге келген, Раббысының ұлы міндеттері жүктелген Иса пайғамбарды да Мәриям анамыз жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді. Тіпті, Иса көкке көтерілгенде ол тірі болған деседі. Әрі Иса пайғамбардың өлтірілгеніне сенбей, Раббысына құлшылығын бір сәт те үзбеген. Мәриям тұлғасы – мұсылман қыздарына тақуалық, ізгілік, арлылық тұрғысынан қияметке дейін үлгі-өнеге.

6.    Мүміндердің анасы – Хадиша Хуайлидқызы (р.а.). Құрайыш тайпасының ең сыйлысы, абыройлысы, құрметтісі, ақылы мен парасаты көркіне сай, тектісі осы Хадиша анамыз еді. Оған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алғашқы жұбайы болу бақыты бұйырды. Ол туралы Мұхаммед (с.а.у.): «Адамдар маған қарсы келгенде (күпірлік танытқанда), (Хадиша) маған иман келтірді, адамдар мені жалғаншыға шығарғанда, ол мені растады, адамдар мені (мал-дүниеден)айырғанда, ол мені өз дәулетімен жұбатты және одан Алла маған әйелдердің басқасынан нәсіп етпеген бала берді», - деген болатын. Хадисте айтылғандай, Хадиша анамыз Пайғамбарымызбен (с.а.у.) ыстыққа да, суыққа да көнді, тоқшылықта да өмір сүрді, кедейлікті де көрді, алайда бақытты ғұмыр кешті. Бұл парасатты әйел жұбайына әрқашан қолдау бола білді. Ол – Алла тағаланың Өзі сәлем жолдаған, жәннатта арнайы үй соғылған Хадиша ғой! Бұл ақылды әйел барша мүмін қыздарға парасаттылық, ақылдылық, қанағатшылдық жағынан үлгі.

7.    Мүміндердің анасы – Айша Әбубәкірқызы (р.а.). Айша – Алла елшісінің (с.а.у.) жан досының қызы, шыншылының шыншыл қызы, сүйіктісінің сүйікті қызы, жанашыр дос, қамқор әйел, Алланың кітабында күнәлардан және жүректердің шүбә-күдігінен арылған мүміндердің пәк анасы. Ол – Пайғамбарымызға (с.а.у.) қыздай қосылған әрі күйеуінің ерекше сүйіспеншілігіне бөленген әйел. Айша анамыз (с.а.у.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тек жұбайы ғана емес, оның имандылық мектебінің шәкірті де бола білді. Өйткені Алла елшісінен (с.а.у.) ең көп хадис жеткізгендердің бірі осы Айша анамыз еді. Жұбайы дүниеден өткеннен кейін кейінгілерге Құран мен сүннетке сүйеніп, ұстаздың еткен де осы – Айша анамыз (р.а.). Ол туралы ғалымдардың: “Барлық адамдар мен мүміндердің аналарының ілімдерін топтаса да, олардан Айшаның ілімі асып түсер еді”, - деген бағасы бар. Айша анамыз (р.а.) білім-ғылым жолындағы қыз-келіншектерімізге тамаша үлгі.

8.    Фатима Мұхаммедқызы (р.а.). Фатима – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кенже қызы, Ислам тарихындағы дара тұлғалы әйелдердің бірі. Оның дәрежесін “Фатима – менің бір бөлшегім: мен оданмын, ал ол менен”, - деген секілді көптеген хадистер айшықтайды. Кішкентайынан пайғамбарлық тәрбиеде ислами көркем қасиеттерді бойына сіңіріп өскен Фатиманы Алла елшісі (с.а.у.) қатты жақсы көрген әрі әкесіне қатты ұқсаған да осы қызы еді. Ол Пайғамбардың қызы бола тұра тәкаппарлықтан ада болды, басына түскен жоқшылыққа сабыр етті. Фатима – Пайғамбар ұрпағы тараған Хасан мен Хұсейіннің анасы. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін